Тыл ардагерлері ерен еңбектің үлгісі

20150501-04-2Ел басына қиын қыстау күн туғанда тылда қалған айелдер мен балалардың тағдыры азап пен қасіретке толы болды. Көпұлтты Кеңес халқы жеке бас тағдырын ойлап бас сауғаламады. Бәрінің мақсаты – қасиетті жерімізді қасық қаны қалғанша қорғап, Жеңіс күнін жақындату еді. «Бәрі майдан үшін,бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен жауды жеңуге жұмылды. Тылда қалған әйелдер мен балалар еңбек майданында жан аямай еңбек етті. Сәтбаев селосында тұратын 84 жастағы тыл еңбеккері Жайлыбай Айдарбеков те солардың бірі.

– 1941 жыл соғыс басталғанда мен 10 жаста едім. Біз тұратын елді мекенді «Қызылшың» колхозы деп атайтын. Әке-шешем қыстақта колхоздың малын бағатын. Біз отбасында 5 бала болдық. Ағам Амандықты Рудникке шахтаға жұмысқа әкетті. Ағай ол кезде 13 жаста болатын. Менен кейінгі іні-қарындастарым мектеп жасында болды. Ер адамдардың барлығы соғысқа кеткен соң, колхоздың жұмысына біз сияқты балаларды салды. Колхоздың егінін жинауға, шөбін шабуға, малын бағуға көмектестік. Шөп шабатын машинаға 2 өгіз жегіліп, бірін жетектейтінбіз.  Жетектейтін өгізге балаларды кезек-кезек мінгізетін. Шөп науқанынан кейін күзгі егін орағы басталады. Ол уақытта техника жоқ. Қол орақпен егін орамыз. Егін оруға колхоздың әйел адамдары мен үлкен кісілер қатысады. Еңбекақының орнына «еңбеккүн» деген берілетін. Еңбеккүнге деп астық, бидай беретін. Әр отбасыға адам санына қарай жарты пұт (8кг) ең көбі 1 пұт беретін. Қолымызда 1 сиырымыз болды. Шешем соның сүтімен бір отбасын асырады.

Ауылда бастауыш мектеп қана болды. Мектеп колхоз орталығы «Қызылүй» деген жерде орналасқан. Мектеп біз тұратын қыстақтан 8 шақырым жерде болатын. Мектепке өгізбен қатынап оқыдық. Сабаққа колхоздың жұмыс науқаны аяқталған соң қыста ғана барып оқитынбыз. Соғыстың кесірінен жөнді білім де ала алмадық. Бастауыш сыныпты ғана аяқтадым. Соғыстың Жеңіспен аяқталғанына қуандық. Еңбегіміздің еш болмағанын түсіндік.

Шүкір, қазір бейбітшілік заманда өмір сүріп жатырмыз, 6 ұл, 2 қыздан тараған немере-шөберелерім бар. Қолымда кенже балам мен келінім, немерем бар.  Бір жасар немерем Айаруымның шат күлкісі соғыс жылдарынан қалған жүрегімдегі жараны ұмыттырып жібереді. Бүгінгі тыныш өмірде елімізде бірлік болсын, ұрпақтарымыз аман болсын, иманды болсын, өмірдің мәнін дұрыс түсінсін деп батамды беремін, – дейді Жайлыбай әкей.

Жасы 84-тен асса да сөзі де, ойы да ширақ атамыз ауыл өміріндегі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді.

Бүгінде тыл ардагерлерінің де қатары сиреп барады. Олардың азаппен, қасіретпен, ауыр еңбекпен өткен әр күнін кейінгі ұрпақтар қалай өтейді екен?! Ардагерлердің маңдай терімен, қасық қанымен келген бейбіт заманды қастерлеп, оларға құрмет көрсету – біздің қасиетті борышымыз.

Б.Кожабаева, Сәтбаев селосы.

Комментарии закрыты.