Салтын берік ұстанған

20150501-03-2Түбі бір түркі жұртының бірі – татарлардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бауырлас қазақ елінің жөн-жоралғыларымен ұқсастығын шаһарымыздағы Руфина Абузярованың жетекшілігіндегі «Дослық» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының өкілдері Венера Гарафиева, Разифа Якунова мен Ираида Нагаева да алға тартып отыр.

– Біз, татар халқы, ежелден ата дәстүрдің сақталуына аса мән беріп келе жатқан ұлтпыз. Тағдыр жазуымен қазақ жеріне келсек те, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыздан алшақтамадық. Оған екі бауырлас елдің тілінің де, дінінің де, салт-дәстүрінің де ұқсастығы негіз болса керек-ті.

Қыз айттыру, қалыңдық көру рәсімдері түркі жұртында бір-біріне ұқсас болып келеді. Алайда, әр елдің дәстүрінде өзіндік аздаған өзгешеліктері болады.

Нәрестенің дүниеге келуімен байланысты бесікке салу, әртүрлі ырымдарда да ұқсастықтар мен ерекшеліктер бар. Мәселен, нәресте дүниеге келгенде шәй қасықпен аузына бал салу ырымы бар. Ол осы баланың өскенде мінезі балдай болсын, осы кісіге тартсын деген ырым.

Ал, ұлттық асханамызға келсек, ұлттық тағамдар ішінде бұрыннан келе жатқан чак-чак, учпучмак, пәрәмәч сынды тағамдар бар. Айта берсек ұлттық тағамдар қатары өте көп. Бір бәліштің өзінің неше түрі бар. Пәрәмәч, учпучмак деген тағамдар бұрыннан келе жатқан асымыз, олар сыйлы қонақтарға ұсынылады. Қазақ халқының ұлттық тағамдары – қымыз, бауырсақ, қазы-қарта сынды құнарлы астарға да татарлар өз дастарханынан орын береді.

Ұлтымыздың тек киім үлгісінің ерекшелігі болмаса, рухани-мәдени мұраларымыздың тоғысып жатқандығы анық. Қолөнер туындыларының көптүрлілігі қазақта да бар.

Міне, біз осы асыл құндылықтарымызды екінші Отанымыз – Қазақстанда ұрпақтарымызға насихаттап, дамытуда мол мүмкіндіктерге ие болып отырмыз. Мұның барлығы да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың толлеранттық, бір ұлт, бір тағдыр идеясының аясында өмір сүруіміздің негізінде жүзеге асуда. Сан ғасырлық бауырластығы мен дәстүрлері, адамдарының бір-біріне деген ыстық ықыласы бір қазан ішінде қайнап жатқан қазақ-татар ұлтының достығы мәңгі жасай берсін, – дейді.

Сонымен, төзімділік пен сенім, ұлттық дәстүрді қастерлеу – бірлігіміз бен тірлігіміздің нығаюының кепілі. Көк Туымыз желбіреген тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатқан халықтардың мәдениеті келешекте жалғасын тапса, біздің халықтарымыздың қалтқысыз достығы мен туыстығы түбі бір тайпадан тарағанымыздың айғағы ретінде ғасырлардан ғасырларға жалғаса береді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.