Қазақтың келіні

20150501-03-3Келін – ұрпақ жалғастырушы ғана емес, әулеттің құт-берекесі, ырысы. Татулық пен сыйластықтың тірегі болған аналарымыз туралы данагөй халқымыз: «Жақсы әйел – ырысың», «Жақсы жар – жарық күн» деген. Өйткені, қай шаңырақта да әйел – үйдің құты, адалдық, сыйластықтың туы. Осындай қағидаларды есінде сақтап, отбасы – ошағын сүттей ұйытып, ырыс-ынтымағын тасытып қазаққа келін болған өзге ұлт өкілдері баршылық. Солардың бірі кәріс қызы – Зоя Аяшова.

Қарағанды облысының Майөзек ауылында туып-өскен Зоя Гуннировнаның ата-бабасы кезінде Қиыр Шығыстан жер аударылып, дәм-тұз тартып Қазақстанға қоныстанып, өсіп-өркендеді. Практикадан өтуге келген студент қыз өмірлік жары Райымбекті Жезқазғанда жолықтырады. Үш жыл бойы араласып, бірін-бірі танып-білген екі жас ақыры шаңырақ көтерді. Жалғыз Зоя апай ғана емес, отбасындағы апалы-сіңілілі бес қыздың үшеуі қазақ жігітінің етегінен ұстап, құдандалы болады. Қазақ тілінде таза сөйлеп, салт-дәстүрін еркін меңгерген Зоя атасы Аяш пен енесі Битайдың алдынан кесе көлденең өтпей, ақ батасын алып, нағыз қазақ келіні екендігін танытты. Қазір өз келіндеріне енесінен алған өнеге-өсиетті үйретіп, ата жолын лайықты жалғастыруда.

– Келін ертеңгі әулет анасы болып саналады. Менің жақсы келін ретінде кемелденіп, қалыптасуыма ата-енем жан-жақты көмектесті. Білмей істеген қылықтарыма түсініктікпен қарап, жол көрсетті. Қонақтарды жылы шыраймен қарсы алу, үлкенді сыйлау, туған-туыстарға құрмет көрсету секілді асыл қасиеттерді бойыма сіңіруге тырыстым. Бұл негізі ата-бабамыздан аманат болған ізгі дәстүр ғой. Ал, мұндай дәстүрді түсінбеу таным-түйсігіңнің аздығын, ақылсыздығыңды, рухани жұтаңдығыңды танытады. Мен осыны өз келіндеріме айтып отыруды енелік парызым санаймын, – дейді ұлттық тәрбиеге баса мән беретін Зоя апай.

Келіннің жақсы болуы ұзатылып барған жердің қандай ізгі құндылықтарға ие екендігіне, күйеуінің шыққан тегіне де тығыз байланысты болса керек. Өзінің осал жерге бармағанын түсінген Зоя қыз өмірлік жары Райымбек ағаның қас-қабағын бағып, жайын келтіре білді. Парламент Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты болған тұста да қолдау танытып, қиындықта да, қуанышта да жұптары жазылмай бес бала тәрбиелеп өсіріп, олардан тоғыз немере сүйіп отыр. Бас қосқандарына биыл қырық жылға аяқ басса да бір-біріне деген аппақ сезімге кіршік түсірместен бар сүйіспеншіліктерін немерелеріне арнауда.

– Келін боп босаға аттау – үлкен қуаныш, зор мәртебе! Ене мен келін арасындағы түсіністік, жақсы қарым-қатынас үлкен маңызға ие. Өйткені, келін үшін қайын ене тәлімі маңызы зор тәрбие мектебі. Мені өз баласындай бауырына басқан енем абыройыма нұқсан келтірмей, беделімді асқақта білді. Қазіргі кезде өзім сияқты енелердің ұтылып жүргенін, мұның соңы жас отаудың шайқалуына әкеп соғып жүргенін айтқым келеді, – дейді кезінде келін, бүгінде ене болып отырған Зоя Гуннировна.

Бір аңыз әңгімеде әйгілі Төле би келіні Данагүлді алғаш көргенде бойжеткеннің сонадай жерден тоқтап, үлкендерге жол бергені, осы ілтипатынан қыздың қандай екенін танығаны айтылады. Осылайша, келінінің ақыл-парасатын таныған Төле би қырық қарақшының қолына түсіп қалғанда ұлына емес, келініне хат жазып, көмек сұрайды. Сонда Данагүл астарлы сөздің мәнісін ұғып, атасын құтқарып алады. Бұл, әрине, Төле бидей қайын атаның келінді бағалай білгендігінің бір көрінісі. Қазір де халқымыз парасат-пайымы жарасқан келіндерден кенде емес. Солардың қатарына татулық пен сыйластықтың тірегі болған кейіпкерімізді ұялмай қосуға болады. Міне, нағыз қазақ келіні бола білген Зоя Аяшова осындай көркем жан.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.