«Айнакөлді» аялайық, ағайын!

20150501-11-1Кезекті бір аппараттық жиында қала басшысы Әнуар Омар шаһардағы жалғыз су қоймасы – «Айнакөлді» Қарағанды облыстық су қоймалары басқармасынан жергілікті биліктің құзырына алу туралы мәселені айтқан болатын. Қала бой көтерген тұстан бастап тазалық жұмыстары жүргізілмеген, айналасы абаттандырылмаған көл осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық су қоймалары басқармасына берілгенімен, олардың тарапынан ешқандай да шаруа қолға алынбады.

Тақырыпқа анықтама:

«Айнакөлдің» негізгі сыйымдылығы – 3 млн текше метр. 19,875 гектарды алып жатқан көлге қазір небары 1 млн текше метр су ғана келіп түседі. Себебі, ластанған су қоймасының осы көлемнен артық су жинауға мүмкіндігі келмейді.

Су қоймасына жақын орналасқан «Восток», «Горняк» саяжайларының бау-бақша өнімдерін суаратын бірден-бір су көзі болып отырған «Айнакөлге» су Кеңгірден құйылады.

Су қоймасының бүгінгі жағдайын білу мақсатында Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғат байлықтарын реттеу басқармасына қарасты облыстық су қоймалары коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы Әлішев Әзімбай Усмаханбетұлын әңгімеге тартқан едік.

– Әзімбай аға, «Айнакөлдің» мәселесін 2013 жылы шілде айында қолға алыпсыз. Осы уақыт аралығында су қоймасының аумағын реттеуде қандай жұмыстар атқарылды?

– Су қоймасының жағдайын оңтайландыру ісін қолға алған екі жылға таяу уақытта қалалық әкімдіктің, «Тазалық-2020» ЖШС, қалалық суда құтқару станциясының, «Жасыл ел» еңбек жасағының күшімен көл жағалауы қоқыстардан тазарды.

– Экологиялық тұрғыдан бүгінде зардап шегіп отырған бұл су қоймасына жанашырлықпен қарамасақ, түбі жалғыз көлден де айырылу қаупі бар. Оны таза әрі санитарлық талаптарға сай ұстап тұру үшін ең әуелі көлді қамыстан, балдырдан, көлдің астындағы тұнып жатқан қоқыстардан арылту қажет. Мен өзім былтырғы жылы жеке қаражатыма арнайы барып Алматы қаласында өзен-көлдерді тазалаудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп келдім. Алдағы уақытта меңгерген тәсіл бойынша жұмыс жасасақ, бүгінгі «Айнакөлдің» жағдайы жақсарарына кәміл сенемін.

– Қамыс пен балдыр басқан «Айнакөлге» жаздың күнгі ми қайнататын ыстықта қала тұрғындары таң сәріден барып, жанға сая іздейді. Алайда, су қоймасының қазіргі жай-күйі халықтың серуен құрып, демалуын көтермей тұрғаны шындық. Осы тұста су қоймасының екінші бір тынысын ашып, ел игілігіне жарату жолында қандай жұмыстар атқарылуы қажет?

Жаз мезгілінде бұл көлге 1500-2000-ға дейін адам келеді. Сол көлге келгендердің әрқайсы жағалауда отырып ішкен сусынының, ішімдік бөтелкелерін, бос пакеттерді, тіпті тағам қалдықтарын да тастап кетеді. Осының салдарынан айналасының сиқы қашып, түбі әбден лайланған «Айнакөл» одан сайын жұпыны күйге түсуде. Жағалауды тазалаудағы атқарған жұмыстардың бір парасы осындай.

Бөгеттерді де жағдайын оңтайлаудың уақыты жеткен. Егер алда-жалда көлге жиналған суды 20-25 м/секундтық жел толқытса, бұрынғы бөгеттердің шыдамау қаупі бар. Былтырғы жылы осындай жел болғанда көлді 4 күн бақылауда ұстадық.

Жасыратыны жоқ, су қоймасының жағдайы көпті ойландыратын хәлде тұр.

Егер көл жергілікті биліктің қарамағына өтетіндей жағдай болса, көп мүмкіндіктерге қол жеткізер едік. Атап айтар болсақ, айналасын абаттандырып, тал егу, арнайы қоқыс салатын жәшіктер орнату, одан қалды, жағалауда тұрғындардың алаңсыз демалуына жағажай салу сынды мәселелер қолға алынып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

– Әзімбай Усмаханбетұлы, «Айнакөлдің» таза тұруында тұрғындардың үлесі қомақты екендігі анық. Сұхбатты қортындылай келгенде, қала тұрғындарына айтар ұсыныс-тілегіңіз болса…

– Әлбетте, үйіміздің іргесіндегі жалғыз су қоймасы болғандықтан, оның тазалығына барлығымыз бірдей қарауымыз қажет. Жағалауға келіп автокөлік жуу, ірі қараны бақылаусыз, қараусыз көл жағасына жіберу сынды оғаш әрекеттерге тұрғындар тарапынан тыйым болса деген тілек бар.

Бір кездері тұнық сумен арнасы толған «Айнакөл» жетімсіреп тұр. Тұнығы лайланып, мөлшері кейде азайып, кейде көбейетін «Айнакөлді» қала тұрғындары аялай білсе, жалғыз көлдің жағдайы оңалар ма еді…

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.