Анита жеткен жетістік

Сәуір айының соңын ала Астана қаласында «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» мен мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдас-тыруымен «Қазақстан – халықтар достығының алтын бесігі» атты республикалық фестиваль өтті.

Аталмыш фестиваль Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылған. Еліміздің 11 аймағындағы этно-мәдени орталықтардың жүз елуге тарта өкілі қатысқан фестивальда облысымыздың намысын Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы, «Дослық» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының өкілі Анита Гатиятова қорғап қайтты.

Облыстық іріктеу кезеңінде өнерімен де, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа беріктігімен де Анита фестивальға қатысқан 150 үміткердің ішінде жан-жақтылығымен көзге түскен.

– Әрі қызым, әрі шәкіртім Анита бала жасынан әнге құмар еді. Әртүрлі байқауларда топ жарып жүрген оның бұл жолғы республикалық фестивальде өнері бағаланғаны – біз үшін үлкен қуаныш. Анита гала-концертте татардың халық әнін орындады. Қарағанды аймағынан Теміртау қаласындағы орыс этно-мәдени орталығының өкілдері мен кенді қаладан жалғыз Анита «Думан» ойын-сауық кешенінде өткен үлкен шоу-бағдарламада қордың дипломын еншіледі, – дейді «Дослық» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының жанынан құрылған «Долкын» жастар үйірмесінің жетекшісі Гүлназ Гатиятова.

Сөйтіп, кішкентай татар қызы 1 Мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында және Ассамблеяның торқалы тойының жылында облыста оза шауып, республикалық деңгейде кенді өлкенің атын өнерімен паш етті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.