Әнші бүлдіршіндер

20150501-06-4Сәтбаев қаласындағы №5 «Нұрбөбек» балабақшасында «Балаға мейірімді балабақша» жобасы аясында «Жезтаңдай» вокалдық өнер сайысы өтті. Шараны өткізудің мақсаты – әншілік қабілеті бар балалардың талабын дәріптеу, оларды жан-жақты тұлға мәртебесіне көтеру және еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне тарту. Болашақта халықтың қалаулы азаматы болуына қолдау таныту.

Өз өнерін көрерменге паш еткен жас дарындардың өнер жолында қалыптасуына осы байқауда жол ашылғандай болды. Олар классикалық, эстрада жанрында ән шырқап, халық әндерін орындап, би билеп, бақ сынасты. Балалардың өнерін өрге көтеретін шарада жас жеткіншектердің рухани және мәдени жетістіктері көпшілікке паш етіліп, дарындылар анықталды.

– Байқауға дайындық күндерін бақылап отырып, өнерлі бүлдіршіндердің талантына тамсандық. Осы балапандардың ата-аналарына алғыс білдіремін. Олардың болашағына, дамуына, өсуіне үлкен жол осындай шаралардан кейін ашыла түседі деп есептеймін. Жас бүлдіршіндердің талаттары өрге жүзгей! – деген балабақша директоры Жамалхия Қабденқызы Қарағанды қаласында мектепке дейінгі білім беру мекемелері арасында өткен төртінші облыстық «Алғашқы қадамдар» шығармашылық фестивалінде үшінші орынды иеленген бір топ кішкентай бишілерді құттықтап, арнайы медальдар мен мақтау қағаздарын табыс етті. «Қуыршақ» биін орындаған би тобының әдемі көйлектерін тігіп, дайындаған балабақша тігіншілері Клара Әбішева мен Гүлнар Ілиясоваға алғыс айтылды.

Пәк көңіл, періште пейілді бүлдіршіндер бар өнерін ортаға салып, көрермендер қошеметіне бөленді. Бас жүлдені үш жасар Александр Криворучко жеңіп алса, Владислав Кружков пен Шыңғыс Серікбай үшінші, Шолпан Тұрсын мен Нұрислам Сайранбек екінші, Сайда Алпысбаева мен Жасмин Сарқыт жүлделі бірінші орындарға лайық деп табылды. Қазылар алқасының шешімі бойынша Милана Паникаровская «Әсем үнді», Қуаныш Алдияр «Талантты», Ахметжан Кеңес «Ынталы», Арсен Кеңес «Көрермендер көзайымы», Самал Аяулина «Нәзік үнді», Айдана Мейрам «Бұлбұл», Бақытбек Нариман «Күміс көмей» номинацияларына ие болды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.