Ел таңдауы – тұрақтылық

20150501-02-1Қазақстандықтар өткен жексенбі, яғни 26 сәуір күні елдің ендігі бесжылдықта тізгінін ұстар көшбасшысын сайлады. Республикамыздың түкпір-түкпірінде өткен саяси науқанда ел азаматтарының әрқайсы өз таңдауларын жасады. Жетпіс мыңнан аса халқы бар Сәтбаев қаласының да тұрғындары сайлауға біркісідей атсалысты. Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, қалада 30 сайлау учаскесіне тіркелген 42 мың адамның 41768-і пайызы сайлауға қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымын көрсетті.

Таңғы жетіден бастап іске кіріскен сайлау учаскелерінің бірқатарында болып қайттық. БАҚ өкілдерінің бірінші болып табалдырығын аттағаны С.Сейфуллин атындағы гимназияда орналасқан №499 және 511 сайлау учаскелері болды. №499 сайлау учаскесіне 1692 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 10-ы алғаш рет сайлауға қатысса, 20-сы үйден дауыс берушілер қатарында.

Ел үшін маңызды шешім қабылдаған тұрғындардың ішінде осы сайлау учаскесіне бірінші болып келіп өз таңдауын жасаған зейнеткер әрі ІІ топ мүгедегі Бәтима апа Қазығұлова болды.

Ал, №511 сайлау учаскесіне тіркелген 1778 тұрғындардың да белсенділігі байқалып жатты. Бұл учаскеде 26 азамат үйлерінен дауыс берсе, 5 азамат алғаш рет сайлауға қатысты. Соның бірі – Қарағанды техникалық университетінің студенті Сырымбет Серікбек.

– Бүгін мен үшін үлкен мереке. Себебі, мен президенттік сайлауға бірінші рет қатысып отырмын. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бүгін алғаш рет сайлауда дауыс бердім. Дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін.

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан бейбіт елде өмір сүрудің өзі бақыт. Бағымызды лайықты бағалай білейік, – дейді Сырымбет.

Біз бақылау жасаған екі учаскені қоса айтқанда дауыс беру үрдісі басталған сәттен бастап айналасы бір сағатта 320 адам дауыс берді. Ал, науқан соңына дейін бұл көрсеткіш арта түсті.

Қалалық емханадағы №493 сайлау учаскесінде 1033 адам тіркелген. Оның алтауы үйден дауыс берсе, төртеуі сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет дауыс бергендер.

Бұл сайлау учаскесінде де дауыс берушілердің белсенділігі жақсы көрсеткішке ие болды. Келген сайлаушыларға қаланың жас өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекенің ажарын аша түсті.

Жаңалыққа толы болған жексенбіде №16 орта мектептің қабырғасындағы № 520 сайлау учаскесіне келіп дауыс берушілердің 2103-нің 8-і алғаш саяси науқанға қатысса, үйден дауыс беруге 17 адамнан өтініш түскен.

Сайлау учаскесіне келген тұрғындарға мектептің өнерлі балғындары ән шырқап, би билеп, дауыс берушілердің көңілдерін көтерді. Сонымен қатар, мерекелік сауда да қызу жүрді.

Әлемнің бірнеше елінің бақылаушылары көз тігіп, қызығушылық танытқан саяси науқанда кенді қаланың жасы мен қарты оң шешімдерін бір бүктем қағазға түртіп, елді ілгерілете түсетін саясаткерге болашағымызды аманаттады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ұсынысымен өткен кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентін сайлау науқанында елдің қалауы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті. Ел тізгінін қолға алған 24 жыл ішінде халықтың нық сеніміне ие болып жүрген Ұлт Көшбасшысының бұл сайлаудағы жеңісі Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың ақпаратына сүйенсек 97,7 пайызды құраған.

Жалпы алғанда бұл саяси науқанға ел азаматтарының 95,22 пайызы қатысып, дауыс берген. Бұл жолғы сайлауда қазақстандықтардың осындай көрсеткіш көрсетуін өзге елдің бақылаушылары мен ел саясаткерлері рекордтық көрсеткіш деп таныды.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.