Жыр төгілді – тасқыны жосын қандай, Кеңгірге Нұра келіп қосылғандай

Газетімізде бұдан бұрын да хабарланғанындай, 23-24 сәуір күндері Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында жас ақындардың облыстық айтысы өтті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығын арқау еткен бұл жыр додасында Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа, Шет, Бұқар Жырау аудандарынан аймақтарының аманаттарын арқалап келген, суырыпсалма жас серілер өз өнерлерін көрсетті. Екі күнге созылған сөз сайысында Кеңгірге Нұра келіп қосылғандай жосыған жыр тасқынын тамашалады ел.

20150501-12-1

«Аға ұрпақ аманаты – бейбітшілік» тақырыбында өткен жас ақындардың аламан айтысын көпшiлiк көпке дейiн айта жүретiн болды. Ұлттық айтыс өнерiнiң шежiресi үшiн де, кө­мейiнен жыр саулаған төкпе ақындар үшiн де осынау шабытты күн­дер­дiң орны бөлек. Бірінің тұсауы осы додада кесілсе, енді бірі ұлттық өнердің өріне қарай өрлей түсті.

– Сан ғасырғы асыл сөзден маржан шашып, шеберлік өнердің шыңы болып бағаланып келген айтыс өнері ХХІ ғасырда да өз мәртебесін жойған емес. Кешегі аттың жалында, түйенің қомында жүріп ханнан қараның есесін алып беріп жүрген от ауызды, орақ тілді ақын бабаларымыздың жарқын ісі жалғасып, ұлттық өнеріміз заман өткен сайын жасарып келеді. Жоғары рухпен шынайы таланттан туған кез-келген жанның жүрегінен орын алып, селт еткізер суырыпсалма айтыс ақындарының басын біріктіріп, осындай сөз сайыстыру жаңаша бір қырынан танылуда. Бұл жолғы айтысты сондай бір жыр сайысының санатына жатқызуға болар еді. Сол ұлттық өнерімізге өздеріңіз қолдау көрсетіп бүгін залды толтырып, елінің үмітін арқалап келген жас берендерге шабыт беріп отырсыздар. Бұл бір жағынан кеншілер қаласының абыройын да асқақтатып отыр, – деді айтыстың шымылдығын ашқан қала әкімі Әнуар Омар.

Бұдан кейін тоқсаныншы жылдардағы аламан айтыстарда топ жарып, Жезқазған-Ұлытау аймағының айбары болған, айтыста «Дәри-дайымен» танылған суырыпсалма ақын Мұқаш Сейітқазинов жырдан шашу шашып, жас ақындарға құтты қадам мен сәттілік тіледі.

Одан әрі ақындардың сөз сайысы басталып кетті. Алғашқы күні 14 ақын 7 жұп болып өзара бақ сынады. Өнер додасына, өлең додасына облысымыздың әр өңiрiнен “сен тұр, мен атайын” ақындар жиылып, екі күн бойы Сәтбаев қаласының төрінде елдің бірлігі мен ынтымағын, батыр бабаларымыздың ерлігі мен қаһармандығын ұлықтады. Ақындар айтпай қалды дейтiн жайт қалмады. Өзге де көкейкестi мә­се­лелер жыр болып төгiлдi. Бас тақырып – Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойынан бастап, қазақтың көбеюiне дейiн қамтылған айтыста құрдастардың, қыз бен жiгiт­тiң, аға мен інінің әдемi қазақы қалжыңдары мен қағытпалары да көрiнiс бердi.

Айтыс десе ішер асын жерге қоятын Арқа жұртшылығына азулы ақындар жырларын арқалай келіпті. Жиналған жұртшылық алдында іркілмей, астарлы сөзбен ақиқатты жеткізген жас ақындар халықтың көңілін серпілтіп тастады. Айтыстың айрықша бір табысы жас таланттардың жарқырай ашылғандығы болды. Әсіресе, Шахтинск қаласынан келген жас ақын Нұрмұхамед Байсүгірдің әуезді әуеніне тапқырлығы үйлесіп, үлкен-кішіні түгел тәнті етті. Ұлытаудың өрені Мұқаш ақынның ұлы Мұқағали Сейітқазы осы кеште өзін табиғи талантымен қоса, ізденімпаз ақын ретінде танытты. Әкесінің «Дәри-дайымен» сахнаға шыққан жас берен алмастай жарқылдап қарсыластарын қараөлеңмен қамшылады. Қасқадан төбел туатынына ел тағы бір көз жеткізіп, риза болысты.

Шеттік Әлихан Шағала, қарқаралық Бекарыс Оспанов, қарағандылық Мұхтар Әділов, жезқазғандық Жоламан Мағзұм мен Заңғар Тілеулинов сынды жас серілердің ұмтылыстары үмітке үміт жалғайды. Қазірдің өзінде аламандарға қатысып шыңдалып қалған, үлкен айтыстарда Арқаның намысын қорғап жүрген, азулы ақынға айналар қарымдары бар Алаш айтысының жас берендері – жаңаарқалық Медет Жаманов, шеттік Ұланғасыр Қамиев, сәтбаевтық Жұлдыз Елеусіз айтыстың көрігін қыздырды.

Ең тартысты айтыс – ақындардың екінші айналымы болды. Басынан сөз асырмайтын ақындық қасиетке сай сөз сайыстырған жас қырандар бүгінгі әлемдік саяси сахнадағы ахуалды да жырларына арқау ете отырып, бірлік пен ынтымақтың қасиетін де елге ұқтырып өтті. Айтыстың ақтық сыны осылайша халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Нағыз ақындық өнердің тапқырлығы да, суырыпсалмалығы да осы кезеңде танылды. Бес бірдей берен сахна төрінде бірінен-бірі қалыспай, бар өнерлерін ортаға салды.

Сонымен, облыстық жас ақындар айтысы да мәресіне жетті. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде аламанның алғашқы айналымында-ақ «Жезқазған айтысының жалғасымын», деп айтыс аренасына жасындай жарқ етіп шыққан, екі айналымда да өзін өзгелерге мойындата алған ұлытаулық ұлан Мұқағали Сейітқазыға берілді. Жүлделі үшінші орынды жаңаарқалық Медет Жаманов пен сәтбаевтық Жұлдыз Елеусіз өзара бөлісті. Екінші орынды Қарақаралы ауданының қырғиы Бекарыс Оспанов иемденсе, бірінші орынды Шет ауданының шашасына шаң жұқтырмаған ақыны Ұланғасыр Қамиев қанжығасына байлады.

Орайы келгенде айта кетейік, бұл айтыстың өзгелерден екі бірдей ерекшелігі болды. Оның бірі – айтыста Ұлытау-Жезқазған өңірінде туып-өскен белгілі ақындардың атындағы арнайы жүлделер де тағайындалды. Атап айтқанда – Ыбыраһым Баймолдаұлы, Қожабай Тоқсанбайұлы,Тайжан Қалмағанбетұлы, Омар Қунақұлы, Нияз Ожанұлы, Нұрғали Сүлейменұлы, Мұқан Бәлтекейұлы және Шынболат Ділдебаев атындағы арнайы жүлделер орын алмаған өзге ақындарға берілді. Сөйтіп, аймағымызға келіп аламан айтыс ұйымдастырған жас ақындардың барлығы да елдеріне жүлделі оралды.

Айтыстың екінші бір ерекшелігі – ақындардың сөз сайысын аймағымызға белгілі айтыскер ақындар саралады. Қазылар алқасының төрағасы филология ғылымының кандидаты, айтыскер ақын Светлана Жумкина, алқа мүшелері – Ізтөлеу Түсіп, Қарлығаш Темірбекова, Жанбол Көпбосынов, және Ғалил Жәнібеков болды. Ал, айтысты ақын Бағдат Байжантаев жүргізді.

«Орамал – тон болмайды, жол болады» дейді ғой атам қазақ. Сол жол болар жоралғылар, яғни, жүлде қорына ақын Әнуар Омар басқарған Сәтбаев қаласының әкімдігі бас демеуші болды. Ал, Бас жүлде – 200 мың теңге. Бірінші орын – 150 мың, екінші орын – 100 мың, үшінші орын – 50 мың теңге. Сондай-ақ, халық ақындары атындағы жүлделерге 30 мың теңгеден берілді.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.