Жат жерден топырақ бұйырған

20150508-06-1Смағұл Мұңсызбаевтың ұрпақтары 73 жылдан соң аталарының хабарын алды Соғыс аяқталғалы 70 жыл өтсе де майдан даласында із-түзсіз жоғалған сарбаздар әлі қаншама?! Ерлікпен қаза тапқан көптеген қазақ батырларының сүйегі берісі Ресейде, Белоруссияда, Украинада әрісі Еуропа елдерінде қалды. Жат жерде топырақ бұйырған боздақтардың қатарында Ұлытау өңірінің де талай азаматтары бар.

Соның бірі – Смағұл Мұңсызбаев. Ол 1942 жылдың маусым айында соғысқа алынып, Ленинград үшін болған ауыр шайқаста сол жылдың қараша айында қайтыс болған.

Содан бері арада талай жыл өтсе де, еш дерегін таппаған Смағұл атаның ұрпақтарына өткен сәуір айында Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының ұжымы сүйінші жаңалықты хабарлаған.

Ұзақ жыл аталарынан хабар алмаған Смағұл әулеті бұл жаңалықты ести сала Ресей Федерациясының Новгород облысындағы Кипино деген жердегі бауырластар зиратындағы аталарының бір уыс топырағын елге алып келудің қамына кіріседі.

Смағұл Мұңсызбаев 1908 жылы туған. Соғысқа дейін Ұлытауда еңбек етіп, Мансапы деген қызбен отау құрған. Соғысқа аттанарда 4 жасар Тәліп есімді ұлы, бір айлық қызы қалған. Сол Тәліптің зайыбы, Смағұл атаның келіні Нұржамал апа немересі Темірланды ертіп, аталары жатқан қасиетті орынға жақында тәу етіп қайтты.

– Менің жолдасым Тәліп «әкемнен бір хабар білмедім-ау» деп өкініп жүретін. Сол өкінішімен ол да өмірден өтті.

70 жылдан аса уақыт хабар-ошарсыз кеткен кісіден енді не хабар болсын деп жүргенімізде жұлдызымыз жанғандай болып, атамыздың сүйегі жатқан жерді таптық. Сөйтіп, өмірімде көрмеген, білмеген Новгородқа жолға шығуға бел байладық. Әрине, мұндай ұзақ сапарға баруымызға қолдау танытқан бірқатар азаматтардың еңбегі бар. Әсіресе, «Қазақмыс» корпорациясына, оның жанындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы өндірістік мұражайдың бастығы Кенжалы Балкеновке, Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының басшысы Бақтияр Қожахметовке айтар алғысымыз шексіз.

Бізге берілген деректерге сүйенер болсақ, атамыз 1942 жылы қайтыс болып, әуелгіде Володиха деген жерде жерленген екен. Ал, кейін, 1956 жылы Кипинодағы бауырластар зиратына әкеліп қойылған. Туған жерге сүйегі тимесе де, туған жердің бір уыс топырағын зират басына алып бардық. Ұлытау мұражайы ескерткіш белгі орнатты. Біздей аталарын, әкелерін тауып, қуаныштары қойнына сыймай, көздеріне жас алып жатқан қазақстандықтарды да көрдік, – дейді Нұржамал апай.

Жетпіс үш жылдан соң жеткен бұл жаңалық Смағұл әулетінің ұрпақтары үшін зор қуаныш әрі мақтаныш. Қуанатындықтары сол – Ұлы Жеңістің 70 жылдығында аталарының зиратын табу бақыты бұйырса, мақтанатын тұсы – аталары Отаны жолында бар ғұмырын сарп етіп, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп кетті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.