Батыс пен Шығыста шайқасқан

Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойы қарсаңында қалалық «Шарайна» газетінде майдангерлер жайлы мақалалар жарық көріп жатыр ғой. Соңғы бір нөмірдегі Аружан қызымыздың атасы Төлеген Кенжалыұлы жайлы жазған мақаласы менің де қолыма қалам алдырды.

Төлеген әкеміздің суретін көріп менің көз алдымнан бүкіл балалық шағым, киелі қарашаңырақ – «Төртінші» сағымдай көлбеп өте шықты. Сол «Төртіншінің» көшесімен, Шынболат ақын жырлағандай, менің атам, Ұлы Отан соғысының ардагері – Халық Көшекбайұлы Орынбаев та алшаңдай басып жүруші еді. Ол кезде, «Төртіншіде» майдангерлер, атамның замандастары, құрдастары Бодықбай Шайкамалов, Әбдікәрім Нұрсейтов, Кәрімбай Бодағұлов, Тамабай Бесімов, Түсіпбек Молахов сынды әкелеріміз көп еді. Енді, міне, солардың бәрі де өмірден озды. Өздері қандарын төге жүріп әкелген Жеңістің 70 жылдық тойын көре алмай кетті… Менің әкем Халық Орынбаев 1918 жылы Ақмола облысының Атбасар ауданына қарасты Калиновка елді мекенінде дүниеге келген екен. 1939 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезде тұтқиылдан соғыс басталып, бірден қан майданға аттанды. Елдегі ата-ана, ағайын-туыспен де қоштаса алмай кетті. Содан 1946 жылдың соңына таман ғана елге оралады.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді» деген сөз рас па деймін. Батыста неміс фашистерімен төрт жыл тіресіп, небір кескілескен қантөгістерге қатысқан, 1945 жылы Шығыстағы Жапон самурайларының лаңкестігін басуға қатысқан әкем сол қан кешу қасаптан аман-есен оралды.

№341-атқыштар ротасының құрамында жүрген әкем Халық Көшекбайұлы соғыстың алғашқы күндерінен бастап небір кескілескен ұрыстарға қатысты. Талай қатерді бастан өткеріп, ажалмен де бетпе-бет келді. Соғыстың алғашқы жылдарындағы неміс басқыншыларының есерлігін, айуандығын көрді. Осылардың бәрі оның бойындағы намыс отын үрлеп, кек алуға деген құлшынысын арттыра түсті.

1945 жылы неміс басқыншылары өз ұясында талқандалып, төрт жылға созылған соғыс Кеңес әскерінің жеңісімен аяқталды. Бейбіт өмір таңы жарқырап атты. Бірақ, бұл кезде Шығыстағы таңғы шапаққа жапон самурайлары өз көлеңкесін түсіріп тұр еді. Гитлермен ауыз жаласқан самурайлар Шығыстан шатақ шығарып, Кеңес әскерін екіге жарып, тас-талқан етуді ойластырған еді. Әйтсе де, олардың бұл арам пиғылдары жүзеге аспады. Неміс фашистерін талқандасымен, Кеңес әскері үлкен күшті Шығысқа аттандырды. 1945 жылдың 9 тамызында әкем Халық Орынбаев қызмет ететін атқыштар ротасы да Кеңес армиясының құрамында Манчжурияны, Оңтүстік Сахалинді, Куриль жағалауларын жапон самурайларынан азат ету жорығына қатысты. Бұл майданда да әкем ерен ерлік үлгісін көрсетті. Сол үшін медальдармен марапатталып, Сталиннің Алғыс хатын алды.

Әкем соғыстан оралған соң бейбіт еңбек майданына араласты. Әуелде ауылда колхоз, одан кейін совхоз жұмыстарында тер төкті. Ал, 1961 жылы Жезқазған кентіне келіп, «Покро» шахтасына түсті. Кенші болып жүріп зейнеткерлікке шықты. Кешегі майдандағы ерліктері үшін алған медальдардың қатарына енді ерен еңбегі үшін алған марапаттары келіп қосылды. Өле-өлгенше өзінің азаматтық атына кір келтірмей, бізге де үлгі-өнеге көрсетіп кетті.

Раушан Халыққызы, Индустриалдық колледждің өндіріс шебері.

Комментарии закрыты.