Хас шеберлер шаршы алаңда

20150508-08-3Дзюдо күресінен Сәтбаев қаласында тұңғыш рет өткізілген Халықаралық турнир ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаевты еске алуға және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Үш күнге ұласқан тартысты бәсекеге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикалары мен еліміздің түкпір-түкпірінен үш жүзге жуық балуандар қатысып, мығым денелі, қақпақтай жауырынды, құрыш білекті күрес өнерінің хас шеберлері шаршы алаңның шаңын шығарды.

Турнир шымылдығын ашқан қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай: «Спорт – дені сау қоғамның кепілі болып табылады. Бізде спортқа деген ықылас ерекше, Арқа өңірі қашан да спорт саласында алдыңғы қатарда. Мұндай додалардың балуандарымыздың әлемдік аренада абыройымызды арттырып, еліміздің Көк Байрағын желбіретуіне жол салары анық. Сол себепті қала әкімдігі жергілікті спортшыларды қолдап, көмектесіп келеді», — деп атап айтты.

Бұл сөзде ақиқат бар. Спортты жан-тәнімен түсінетін басшы ретінде, Қазақстанда дзюдо спорт түрін қарқынды дамытуға қосқан үлесі үшін қала әкімі Әнуар Омарға ҚР мәдениет және спорт министрлігі, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Алғыс хаты табыс етілді. Қала әкімдігінің, Қарағанды облысының денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған айтулы додада әр салмақтағы бас жүлдеге қаржы тігілгендіктен, барлық белдесулер өте тартысты өтті. Спорт майталмандары, әлем чемпиондары Ержан Байжұманов, Жанат Байшұлақов, Амантай Асамиданов, Дәурен Есімханов, Дүйсенбай Тәжкеев боз кілемде бақ сынасқан балуандардың өнеріне қуана қол соғып, дзюдо күресінің беделі жыл сайын артып келе жатқандығына куә болды. Жекпе-жекте айқын басымдық танытқан балуандар майталман спортшылар салып кеткен жарқын жолды жалғастырып, шеберліктерін танытып, тамаша жетістіктерімен қуантты. 1998-1999 жылы туылған жасөспірімдер тоғыз салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, командалық және жекелей жетістіктері бойынша марапатталды. 42 келі салмақ дәрежесінде қаражалдық Нұрбол Шәкіров, 46 келіде жаңаарқалық Нұртілек Қаракесеков, 50 келіде талдықорғандық Шәміл Ахметбеков, 55 келіде жезқазғандық Рахат Ұзақ, 60 келіде алматылық Арнат Есқазиев жүлделі бірінші орынды иеленді. 66 келі салмақ дәрежесінде алматылық Саят Сейітқалиев, 73 келіде тәжікстандық Илхомджон Хафиззода, 81 келіде жезділік Жылкелді Құдайбергенов, сексен бірден жоғары салмақ дәрежесінде қарағандылық Нұржан Төлеубай алтыннан алқа тағынды. Командалар арасында Сәтбаев қаласы бірінші, Ташкент қаласы екінші, Оңтүстік Қазақстан облысының құрама командасы үшінші орынды еншіледі.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.