Соғыстан қайтпаған солдат

Ұлы жеңіске – 70 жыл. Бір адамның ғұмырындай уақыт өткен осы Жеңіс жолында қаншама боздақ қыршынынан қиылып, қаншама қандастарымыз жат жерде қалды?! Солардың бірі – менің әкем Шахар Құсайынов.

Әкем 1906 жылы Ұлытауда, Сарыкеңгір өзенінің бойында дүниеге келген екен. Балалық шағы да, жігіттік кезеңі де осы өңірде өтті. Кеңес өкіметін қалыптастыру, колхоз құру жұмыстарына белсене араласқан кісі. Өз заманының беделді, іскер жандарының бірі болды. Колхозда есепші, басқарма сынды қызметтерді атқарған.

Соғыс басталардың алдында әкем қазіргі Аманкелді ауылында қызмет етіп жүрген еді. Ол кезде біз бала болатынбыз. Мен 1936 жылы, бір қарындасым 1939 жылы туғанбыз. Ал кенже қарындасым сол Аманкелді ауылында 1942 жылы туды.

Соғыс ұзаққа бармас деген елдің үміті үзіліп, үрейлі сәт күн өткен сайын күшейе түскен кез еді ол. Елдегі ер азаматтардың бәрі майданға аттанып, мұндағы жұмыс балалар мен әйелдердің, бронь арқылы қалған азаматтардың мойнында болатын. Ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен заманда елде, әйелдер мен қарттардың, балалардың ортасында жүргенді өзіне ар санаған әкем әскери комиссариаттың табалдырығын тоздыра жүріп, 1942 жылдың соңын ала майданға алынды. Сол жылы отбасын, яғни бізді, Сарыкеңгір колхозындағы анасының қолына әкеліп тастап, өзі майданға аттанды. Содан қайтып оралған жоқ.

Әжемнің айтуынша, алғашқы кездері хат келіп тұрыпты. Сол хаттың бірі өлеңмен жазылған екен. Әжем марқұм оны жаттап алған. Бертін келгенше күбірлеп айтып отыратын. Содан менің де жадымда:

«Жатқаным 10 шақырым Ленинград,

Біреудің біреу білмес халін сұрап.

Атқан оқ ақ жаңбырдан бір кем емес,

Бытырлап жан-жағымыздан түсіп тұрад…» деген шумағы жатталып қалыпты.

Әкемнің осы өлеңіне қарағанда, ол Ленинград түбінде соғысқанға ұқсайды. Ал, ол соғыстың қаншалықты жан алып, жан беріскен ұрыс болғаны тарихтан мәлім. Ленинград қаласын басып алуға жанталасқан жау барлық күштерін осы бағытқа төгіп, Кеңес әскерлерін оқтың да, бомба мен снарядтың да астына алды. Ұрыс болған майдан даласының асты үстіне келіп, аяқ басып жүрер жер болмағаны аян. Сондай бір аласапыранда әкемнің де не жау оғынан, не бомбасынан, әлде снарядынан опат болмасын кім білген. Қалай болғанда да ол Отан үшін, елі мен жерінің бостандығы үшін қыршын жанын қиды. Біз оны әркез мақтанышпен айта аламыз.

Оразбек Шахаров, еңбек ардагері.

Комментарии закрыты.