Барлаушының жорық жолдары

20150508-04-1Міне, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелейтін салтанатты сәт те келіп жетті. Біз Отан үшін жанын пида еткен майдангерлерді еске алып, бүгінгі бақытты өмірді сыйлаған қарт жауынгерлер ерлігі туралы сыр шертуді жалғастыра бермекпіз. Олардың қатарында Мәлік Жақсылықов та бар.

1917 жылы Қарсақбайда туып-өсіп, жастайынан ауыр еңбекте шыңдалған ол әскер қатарына 1938 жылы шақырылады. Фин соғысына қатысып, ұрыс қимылдарына әбден машықтанған барлаушының қайсарлығы, қырағылығы назар аудартпай қоймайтын еді. Елге оралуды армандап жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, Ленинградты қорғауға аттанады. Жырақта жүріп, әскери өмірдің дәмін татып үлгерген жас сарбаз көп ұзамай ұрыс даласынан табылады.

– Толарсақтан саз, тізеден қан кешкен сұрапыл соғыста азамат атына кір келтірмеді. Майдан шебіне қайта оралып, кезекті бір кескілескен шайқаста бүтін қала жау қоршауында қалады. Аш-жалаңаш қала тұрғындары ішерге ас, киерге киім таппай сандалып, бақа-шаянды азық етуге тура келеді. Міне, атамыз осындай сұмдықтардың куәсі болған екен, – дейді немересі Сұлтан.

Неміс офицерін ұстауға бұйрық алған Мәлік Жақсылықов бірде бір топ барлаушылармен жау шебіне өтіп, тірідей қолға түсірудің амалын қарастырады. Ұзын ағаштан құрық жасап, немістің мойнына шалма тастап тартып алып шығады. Ленинградты жаудан азат етуге қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Мәлік Кішібайұлы Украина, Белоруссия, Польшаны жаудан азат ету операцияларына қатысып, жорық жолымен Германияға дейін барады. Осындай бір қанды қақтығыста жан жолдасы, поляк солдаты Бориспен аман-есен елге оралар болса бір-бірінің атын балаларына қоймаққа қол алысып, ант-су ішіседі. Иә, ол ерегіскен дұшпанға қасқайып қарсы тұрып, қаһарлы жылдарда мойнындағы жауапкершілік жүгін мойымай көтерді. Батырдың көзсіз ерлігі ескерусіз қалмай, бірінші дәрежелі «Даңқ», бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Ленинградты азат еткені үшін» медальдарымен марапатталды. Елге оралған Мәлік Жақсылықов бейбіт күнгі еңбекке дереу араласып кетеді. Айжан Жақсыбайқызымен шаңырақ көтеріп, жар сүйеді. Ұл-қыз өсіріп, тереңге тамыр жібереді. Осы уақытқа дейін арқалап келген майдандас досының аманатын орындап, ұлының атын Борис деп қояды. Көрген жарығында мал-мүлік жиып, атақ-абыройға асықпаған отағасы еңбек майданында шынығып, ізбасарларына үлгі болды. Оңтүстік Жезқазған кенішінде ұзақ жылдар бойы тер төгіп, лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.

Осының дәлеліндей болып кеудесінде «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, «Ленин» ордені жарқырап, «Еңбек ардагері» атанды.

Қазір арамызда жоқ ардақты ардагердің артынан ұлағатты ұрпақ өрбіді. Сәтбаевта құтты қоныстарын тапқан майдангер әулеті бүгінде қайнаған еңбек ортасынан табылған. Ұлдары мен қыздары қоғамның әр саласында еселі еңбек етуде. Заман алмасып, ұрпақ жалғасуда. Өткен күн елес, ертегіге айналса да, тарих күнтізбесінде алтын әріптермен жазылған ер есімі ел есінде мәңгі сақталмақ.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.