Қайсар қазақ

20150508-04-2Қан майданда кеудесін оққа төсеп, ел азаттығы, ұрпақ амандығы үшін жалындаған жастығын сарп етіп, тағдырын тәрк еткен ата-апаларымыздың шежіреге толы өнегелі өмірі, қиындықпен өткен еңбек жолдары, ерлік істері әрқашан да жастарға үлгі. Сондай аталарымыздың бірі – Ауназар Оразалиев.

Қан майданға өрімдей жасында аттанған Ауназар Оразалиев 1923 жылы Жезқазған кентінде дүниеге келіп, сондағы балалар үйінде тәрбиеленген. 1941 жылы соғыс басталғанда бар болғаны он сегіз жаста болатын. Отанын қорғау туралы шешім қабылдап, өзі сұранып қан майданға аттанады. Алғашқы әскери жаттығулардан кейін Украин-Белорусь майданына қатысып, кескілескен шайқастарда батылдығымен көзге түседі. Пулеметші жігіт құралайды көзге атқан мергендігімен ерекшеленеді. Кезекті бір қақтығыста қатты жараланып госпитальға түседі. Емделе сала ұрыс даласына аттанған қазақтың қайсар баласы ең жақсы пулеметші атанып, ержүректіліктің үлгісін көрсетеді. Тағы бір қақтығыста екі рет оңбай жараланған Ауназар Оразалиев аман-есен елге оралады.

Соғыстан кейін ауыл шаруашылығының дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жеңілдеуіне атсалысып, ауыр еңбекке араласады. Ел қатарлы отау құрып, Алтын атты қызбен шаңырақ көтереді. Қарсақбай теміржолында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан Ауназар ата Арман атты ұлынан немере сүйіп, 2003 жылдың 24 мамырында дүниеден озған еді.

– Әлі есімде, әкемнің денесінде түрлі жарақаттардың орны көп болатын. Әрқайсының өз тарихы бар еді. Сұрай қалсақ жалықпастан әңгімелеп беретін. Әкеміздің аты өшпек емес. Артында ізін басып ұрпақтары өсіп келеді, – деп еске алады бүгінде ұлы.

Кезінде қарт жауынгердің кеудесінде жарқыраған «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңестер Одағының маршалы К.Г.Жуков атындағы» медальдары бүгінде Оразалиевтер отбасының ең құнды жәдігеріне айналған. Ерлігімен ер атанған қазақ баласының қайсарлығының көрінісіндей болып төрде ілулі тұр.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.