Тыл ардагерлеріне құрмет

20150508-11-1Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіп, «Бәйтерек» дәмханасында дастархан жайды.

Бүгінде Сәтбаев қаласында тоғыз жүзден астам тыл ардагері бар. Барлығы осы мекеменің қамқорлығында. Олардың қатарында Бақытжан Тәшетов, Пішенбай Бәділбеков, Нұрман Сүлейменов, Рафик Бекмурзинов секілді тылда еңбекпен ерлік жасап, жауынгерлердің жеңіспен оралуына үлесін қосқан ардагерлер бар.

– Тыл ардагерлеріне құрмет көрсету – бұрыннан келе жатқан игі дәстүрлердің бірі. Биыл да жалғасын табуда. Мереке күндері қаладағы «Шаңырақ», «Кристалл», «Каспий» дәмханаларында осындай ақ дастархандар жайылды. Осы шараның өтуіне демеушілік жасап, азаматтығын танытқан дәмхана иесі Мамедов Ильяс Али Оглыға алғысымызды білдіреміз, – дейді аталмыш бөлімнің бас маманы Рамзия Тоқаева.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Екатерина Широкова соғыс басталғанда небәрі он үш жаста болыпты. Әкесі майданға аттанған соң отбасының бас көтерер тұңғышы болғандықтан, еңбекке ерте бастан араласуына тура келді. Күні-түні колхозда тер төгіп, егін егіп, масақ терді.

– Бүгінгі күніме разымын. Тұрмысқа шығып, өсіп-өндім. Қазір төрт немереден бес шөбере сүйіп отырмын, – дейді ол.

«Енді соғыс болмасын!» деп тілек тілесіп, бата беріскен ардагер аталар мен аналар төрден орын алып, ән салып, сыр шертісіп тарқасты.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.