Атамды айтып мақтанамын

20150508-03-2Бүгінгі жас ұрпақ, менің замандастарым сұрапыл соғыс туралы тек кинодан, үлкендердің әңгімесінен ғана көріп, естіп білді. Ал, сол от пен оқтың ортасынан шыққан жандардың, майдангерлердің әңгімесін тыңдап отырып олардың ерлігіне, көрген қиындықтарына еріксіз таң қаласыз. Менің атам соғысқа тіпті ата-анасымен, туыс-туғандарымен қоштаса алмай кеткен екен. Өйткені, соғыс басталардың алдында, яғни 1941 жылы, атам тиісті әскери борышын өтеп жүрген екен.

Соғыстың алғашқы жылдарында қандай қиындықтардың болғанын бүгінгі тарих тамтұмдап болса да айтып жатыр. Тіпті, кейбір ақтаңдақтардың да беті ашылуда. Соның бірі – Кеңес әскерлерінде білікті қолбасшылардың аз болғандығы. Ал, мықты деген қолбасшылар 30-37 жылдардың құрбаны болып кетті. Міне, осындай алмағайып тұста епті деген жауынгерлерді қысқа мерзімдік офицерлер дайындайтын курстарға жіберіп, взвод, рота басқартты. Қағылез, пысық, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын атам Иген Әділбеков те Калининград облысындағы офицерлер даярлайтын үш айлық курста оқып, кіші лейтенант шенінде майданға келді. Взвод командирі болды. Бұл батыста шиеленіскен жағдай белең алып тұрған шақ еді. Ленинград жау қоршауында қалған. Неміс басқыншылары Ленинград қаласын қайтсек те басып аламыз деп шабуылды үдетіп тұрған кезде Иген Әділбековтың взводы бар атқыштар полкі Ленинград түбіне келіп тоқтады. Бірнеше күнге созылған кескілескен ұрыста атам ерлікпен көзге түсті. Ол басқаратын взвод бірнеше мәрте жау шабуылына тойтарыс берді…

1943 жылы Кеңес әскері барлық майдандар бойынша шешуші шайқасқа шыққаны мәлім. Мұндай тегеурінді күтпеген жау көбесі сөгіліп жүре берді. Жаппай шегіну басталды. Кеңес жауынгерлері жауды өкшелей қуды. Сол жеңімпаз жауынгерлердің қатарында менің атам да бар еді. Әттең, Берлинге жете алмады. Жау шегіне отырып алға ұмтылуға тырысты. Бір қадам жер үшін кескілескен ұрыстар болды. Сондай бір жан алып, жан беріскен шайқаста атам Иген Әділбеков ауыр жараланады. Госпитальда ұзақ жатып емделіп шығады. Бірақ, майданға жарамсыз болып, елге қайтарылады.

Атам Ұлытау ауданының Шеңбер деп аталатын шағын ауылында туып-өскен кісі еді. Кешегі майдангер тылға келген соң тынымсыз еңбекке араласты. Ауыр күндерде ауылдағы әйелдер мен балаларға бас болып, қолхоз жұмысын жандандырып, майданға көмектесті. Соғыс біткен соң да «мен соғыс мүгедегімін» деп үйде отырған жоқ. Ауылдық кеңестің хатшысы, мал фермасының бастығы, шөп бригадасының бригадирі сынды жұмыстарды мінсіз атқарды. Партия қайда жұмсаса да қабағын шытпай атқарды ісін. Сөйте жүріп жастарға үлгі көрсетті, үлкен істерде ұйытқы бола алды. Міне, менің атам осындай кісі. Мен әркез атамды айтып мақтанып отырамын.

«Әке көрген оқ жонар…» демей ме дана халқымыз. Осындай жанның тәрбиесінде өскен оның ұрпақтары да жаман болған жоқ. Еліне адал қызмет етіп, биіктен көрінуде. Бәріміз бүгінде «Қазақмыс» корпорациясына қарасты құрылымдардың әр саласында абыройлы еңбек етіп, атамыздың атына кір келтірмеуге тырысудамыз.

Жезболат Иген, №67 шахтаның кен шебері.

Комментарии закрыты.