Қимастық көңілден Жас толды жанарға

Жезқазған кентіндегі отбасылық үлгідегі «Балалық шақ» балалар үйінде өткен бір кешті осылай деп бағаладық.

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, 40 жыл ғұмырын жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуге арналған білім саласының ардагері Фатима Ыдырысқызы Ыдырысованы демалысқа құрметтеп шығарып салу салтанаты өте әсерлі өтті.Балалар үйінің қызметшілерінің де, тәрбиеленушілерінің де бұл кешке барынша дайындықпен келгендері көрініп тұрды. Кіре берістен бастап көркем безендіріліп, мерекелік сән-салтанатқа бөлініп жатса да, ұжымның үлкен-кішілерінің жүзінде бір үлкен  толқу байқалды.

Тәуелсіздіктің  алғашқы қарлығаштарының бірі іспетті балалар үйінің ашылғанына да биыл 20 жыл толады екен. Соның 14 жылында Фатима Ыдырысова  басшылық етіпті. Осы уақыттың ішінде қаншама жүрегі жаралы баланың маңдайынан сипап, аялап, баптап ұясынан ұшырды. Ананың алақанын, әкенің қамқорлығын көрмеген балаларға мейірімін төккен, шуағын сепкен, жүрек жылуын берген Фатима апайға ұжымы зор құрмет көрсетті.

Шақырылған қонақтарға  Ф.Ыдырысованың жеке өмірінен, еңбек жолдарынан бейнеслайд көрсетіліп, кеңінен мағлұматтар берілді. Әсіресе, әр жылдардағы тәрбиеленушілердің жеткен жетістіктері мен ұжымдағы табыстарды бейнелейтін слайд Фатима Ыдырысқызының еңбегін айқындай түсті.

Алғашқы құттықтау сөз  қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиеваға берілді.

– Осы балалар үйінің бүгінгідей жетістіктерге жетуінде сіздің еңбегіңіз зор деп білеміз. Сіз тек басшы ғана емес, ана орнына ана, әке орнына әке бола білдіңіз. Қаланың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласып өз үлесіңізді қосып келесіз. Құрметі мен қиындығы қатар жүретін бұл қызметті абыроймен атқарып келдіңіз. Әлі де осы балаларды қамқорлығыңыздан шығармай, ұмытпай жүресіз деп ойлаймын, – деп толқыған Марал Сағынайқызы қала әкімінің мақтау грамотасын және әкім аппараты мен  қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан тоңазытқыш сыйлады.

Шығып сөйлеген Жезқазған кентінің әкімі А.Құсайынов бірге қызмет атқарған жылдарға тоқталып, ризашылығын білдірді.

Салтанатқа арнайы келген Қарағанды облыстық білім басқармасының ұйымдастыру және кадрлар бөлімінің бастығы Әлия Саттыбаева облыс әкімінің құрмет грамотасын тапсырып, өз атынан кеш иесіне көп жылғы еңбегі үшін алғысын жеткізді.

Келесі кезектерде «Мерей», «Жалғас» балалар үйінің директорлары, «Мәдина» кафесінің меңгерушісі жүрекжарды лебіздерін айтып, сыйлықтарын тапсырды.

Әсерлі сәт балалар үйінің түлектеріне кезек келгенде болды. Бүгінде жан-жақта орташа және жоғарғы оқу орындарында оқып, еңбек етіп жүрген түлектер ортаға шығып үлкен аналарына тілектерін айтып, гүлдерін сыйлағанда көзіне жас алмаған жан болмады десе де болады.

Кешке жиналғандардың назарына ұжымның өнерпаздары үлкен концерттік бағдарламаларын ұсынып, басшыларына ескерткішке түрлі-түсті теледидар сыйға тартты.

Осындай қуаныштан қимастығы басым болған салтанатты кеште  Фатима Ыдырысқызы да толқып тұрып барлық көрсетіліп жатқан сый-құрмет үшін рахметін айтты:

– Менімен 14 жыл бойы бірге болған, жұмыстың қиындығын бірге бөліскен, қуанышына ортақтасқан ұжымыма одан әрі бірлік, береке тілеймін. Ал, балаларымның дені сау, білімді ұрпақ қатарынан көрінулеріне, орта біліммен шектеліп қалмай барлығының да жоғары білім алуға ұмтылуларына тілектеспін. Өзім қай қызметте жүрсем де ісімді адал, жауапкершілікпен атқардым деп ойлаймын. Уақыттарын бөліп келген қонақтарға, оқуларын, жұмыстарын тастап келген түлектеріме, барлығыңызға да шексіз алғысымды айтамын, – деді   балалар үйінің анасы.

Бұл күні қонақтарды тағы бір үлкен жаңалық күтіп тұр еді. Ол  – балалар үйінің ішінен ашылған «Достық мұражайы». Мұражайдың лентасын Ә.Саттыбаева мен М.Мәдиева қиып, құттықтады.

Кезең-кезеңмен қойылған тарихи анықтамалар отбасылық балалар үйінің 20 жылдық өмірін, тыныс-тіршілігін баяндап тұрды.

Қазақ ССР ғылым академиясының химия-металлургия институтында лаборант болып еңбек жолын бастаған Фатима Ыдырысқызы қаламыздағы №5 орта мектептің директоры, білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, 1997 жылдан бері отбасылық үлгідегі балалар үйінде басшылық етті. Осы жылдардағы еңбегі үшін бірнеше рет Қазақ КСР Білім министрлігінің, Қарағанды облыстық білім департаментінің, қала әкімінің  Құрмет грамоталарымен марапатталды. «ҚР білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды.

Осындай тәжірибелі педагог, аяулы ана, асыл әжені ұжымы өзіне лайық құрметпен, жоғары деңгейде ұйымдастырып шығарып салды.

Майра Смағұлқызы

Комментарии закрыты.