Қос «Қызыл жұлдыз» ерлігінің айғағы

20150508-05-1-120150508-05-1-2«Қайсарлық қанында бар еді. Ол өте өжет әрі шыншыл азамат болатын. Ақты ақ деп, қараны қара деп жалтармай сөйлейтін қазақ азаматтарының бірі – Сламбек Орыспаев еді. Қайсарлығының арқасында отты жылдарда жаудың жағасын жыртып, Жеңіс таңын орнатқандардың қатарында болды» дейтін үлкен кісілердің әңгімесін еститінбіз бүгінгі мақала кейіпкері жайында.

Иә, ол шын мәнінде ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, Ұлы Отан соғысында жауапты міндеттерді атқарған. 1919 жылы Байқоңыр кеңшарында дүниеге келген Сламбек Орыспаев 7 сыныптық білім алып, кеңшардағы шахтада есепші болып еңбек етеді. Ел ашаршылық деген нәубеттен ес жиып, ауыр бейнетпен өмір сүріп жатқан тұста фашистік жойқын дүние деген дүрмектің қиюын қашырғанда 1942 жылы 22 жасында соғысқа аттанып, әуеліде Курск доғасындағы қанды қырғындардың куәсі болады. Сталинградты жаудан азат ету жорықтарында, Еуропаның Варшава, Польша сынды қалаларында мұз жастанып жаудың ордасын ойрандайды.

Оқ пен оттың ортасында жүріп, қасындағы жолдас-жораларын әскери тактиканың барлық қыр-сырына қанықтырып, қиын сәттерде оң шешім тауып отырған. Әскери іс-қимылдарды ширақ әрі тыңғылықты атқаруының арқасында әскери шенін де қолбасшылар көтеріп отырған.

Кеңес одағының әскери қолбасшылары Сламбек Орыспаевқа 1107-ші артполктың, кейін Бірінші гвардиялық артбригаданың командирлік міндетін жүктеуі оның әскери бұйрықтарды қатаң орындауының және қарамағындағылардан қатаң тәртіп пен әскери тактиканы талап ете білгендігінің белгісі болса керек. Сламбек Әдірешұлы соның арқасында бір емес, бірнеше мәрте Кеңес Одағаның Жоғарғы қолбасшысы Сталиннің Алғыс хаттарымен марапатталғандығын әлі күнге дейін сақтаулы тұрған құжаттардың арасынан көруге болады. Мұндай мақтау-марапат ол кезде екінің бірінің қолына тиіп жатпағаны тағы анық. Демек, Орыспаевтың ерлігі соған пара-пар болып тұр емес пе?!

Кеңес жерінен жауын тықсыра қуған қызыл әскер жауынгерлері Берлинге дейін жетіп, сонда Жеңістің ақ таңын қарсы алғандардың қатарында осы Сламбек Орыспаев та бар еді.

Елге 1946 жылы оралып, 1952 жылға дейін Қарсақбай мыс қорыту зауытында аға есепші, кейін Жезқазған кентіндегі №42 шахтада бас есепші, 1967 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін қазіргі Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау трестінің №2 басқармасында өндірістік есеп бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

Елдің шетін жау басқан сұрапыл жылдарда Сламбек Орыспаевтың ерен ерліктері жоғары бағаланды. Екі мәрте кеудесіне таққан «Қызыл жұлдыз» ордені ерлігін айқындап тұрса, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені мен «Сталинградты қорғағаны үшін», «Берлинді жеңгені үшін», «Праганы жаудан азат еткені үшін» деген бірнеше медальдары оның өз дәуірінің шынайы патриоттарының қатарында болғанының куәсі.

Сламбек Әдірешұлы 1949 жылы Дәмелі Қайырбекқызымен отау құрып, бес бала тәрбиелеп өсірді. Дәмелі апай мылтықсыз майдан даласында тынымсыз еңбек еткен нәзік жандардың қатарында жүрді.

Бүгінде Сламбек әкей де, Дәмелі апай да өмірден өткен. Алайда, олардың артында ұрпағы мақтан етіп айтып жүретін ерлік істері тарихта хатталып қалды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.