Ерекше тағдыр иесі

20150508-05-2Майдангер Күнтуған Даутов ақсақалдың кенже баласы Ғабидолла Даутовтың әңгімесі Қарсақбай жерінде 1906 жылы дүниеге келген Күнтуған Даутов жастайынан тұрмыстың тауқыметін тартып, қиындыққа тайсалмай қарсы тұрды. Әке-шешесі сол бір аласапыран заманда Есілдің бойындағы Атбасар жеріне көшіп барады. Сол жақта әкесі, бір жылдан соң шешесі дүниеден өтеді. Балалардың ең үлкені 12 жасар Күнтуған 3 інісі, 1 қарындасымен жетім қалады.

Күнтуған сол елде бір орыс байының малын бағып қалады да, інілері мен қарындасын туыстары қолына алады, бір бауырын балалар үйіне өткізеді. Екі жылдан соң еліне аман-есен оралған Күнтуған бауырларын тауып, Қарсақбайдағы «Өрнек» колхозына жұмысқа орналасып, 25 жасында Көпейбала есімді қызға үйленеді. Үш балалы болады. Осылай ел қатарына қосылып келе жатқанда ел басына қатер төндірген сұрапыл соғыс басталады. 1942 жылы маусым айында Күнтуған соғысқа аттанады. Баланың үлкені 6-да, кішісі 6 айлық үш баламен жары қалады.

Күнтуған Даутовтың жауынгерлік жолы 1942 жылы 12 қазанда 3 ай дайындықтан кейін басталады. 26-шы мото-атқыштар бригадасында болған ол Калмыцкие степи, Ростов на Дону, Таганрог қалалары мен Украина, Крым, Прибалтика жерлерін азат етуге қатысады. Прибалтиканың «Шауляй» (Шавли) қаласын азат еткенде Сталиннен алғыс алған. Ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған, жеті мәрте соғыста жарақат алған.

1945 жылы қараша айында аман-есен елге оралады. Мұнда келген соң еңбек майданына бел буа кіріседі. 1958 жылы тың игеруге қатысады. Жастайынан еңбекпен шынығып, бейнеттің ащы дәмін татқан майдангер 1966 жылға дейін № 44 шахтада еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шығады. Өмірде көрген қиыншылықтарға мұқалмай, жары Көпейбала екеуі жеті бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ‑ ұяға, қызын қияға қондырады. 1983 жылы 77 жасында дүниеден өтеді.

Жазып алған С.Бекетова. Сәтбаев қаласы мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы.

Комментарии закрыты.