Ұлан-асыр той – ұлттар татулығының белгісі

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше тарихи маңызды оқиғалар жылында аталып өтті.

Ең бірінші – күні кеше ғана жүз отыздан аса ұлттың өкілі бір үйдің баласындай Елбасын қайта сайлап, саяси тұрақтылық пен береке-бірліктің үлгісін көрсетті. Соның арқасы болса керек, еліміз тәуелсіздігін алған тұстан бері ортақ Отанымызда тыныштық пен татулық салтанат құруда.

20150508-12-1

Ал, екіншіден – бұл ұлттар достығының мерекесі Қазақстан халқы Ассамблеясының, ел Конституциясының 20 жылдығымен қатар келді. Ата заңымызды кие тұтқан сан ұлттың өкілі Ассамблеяның шеңберінде барлық мүмкіндіктерге ие болып отыр.

Үшінші бір айшықты шара – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Осыдан 75 жыл бұрын Кеңес Одағына төнген ұлы апатта бауырлас, тағдырлас елдің миллиондаған азаматтары бейбіт өмір үшін жан аямай ерлікпен жауға ұмтылып, азаттық таңын орнатты. Сол аталар ерлігі бүгінгі буынды ас та төк молшылыққа, бақ-берекеге жеткізді. Ал, ұлтымыз үшін ұланғайыр атырапта ғұмыр кешуге нәсіп еткен ұлы хандарымыз іргесін қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекенің маңызын арттыра түсті.

Республика көлемінде «Мәңгі елдің бірлігі мәңгі болсын!» деп ұрандатқан салтанатты шеру, концерттік бағдарламалар кенді қалада да көрініс тапты.

Кеншілер алаңына жиылған бес мыңнан аса қала халқы бұл күні бірін бірі бірліктің мерекесімен құттықтап жатты.

Қала басшысы Әнуар Омар, қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, бір қатар мемлекеттік мекеме басшылары, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Руслан Шакерханов пен қаланың Құрметті азаматтары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қаныш Имантайұлының асқақ ескерткішінің алдында салтанатты шеруді қарсы алды.

Көк Байрағымызды желбіреткен жас жігіт бастаған шерудің әуелгі сапында қаламыздағы ұлттық этно-мәдени орталықтардың өкілдері бой көрсетіп, алаңда жүріп өтті. Осы тұста қала басшысы Әнуар Омар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен еліміздегі татулықты сақтау және қазақстандық қоғамды дамыту ісіне үлес қосқан Т.Шевченко атындағы украин этно-мәдени орталығының басшысы Роман Бурда мен «Дуслық» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының жетекшісі Руфина Абузяроваға «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалін тапсырды.

«Елімізде тыныштық мәңгі сақталсын!» деп ұрандатқан шерушілердің қатарында мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері, «Жезқазғантүстімет» ӨБ қарасты кен өндірісінің мамандары, денсаулық сақтау, білім беру саласының қызметкерлері мен оқушылары, «Қазақмыс» корпорациясының технологиялық, индустриалдық және «Денсаулық» колледждерінің студенттері болды.

Банк саласының қызметкерлері, кәсіпкерлердің де колоннасы алаңнан жүріп өтті. Шерудің нүктесін қала спортшылары қойды.

Салтанатты шеру одан әрі этно-мәдени орталықтардың мерекелік концертіне ұласты. Мұнда әр ұлттың өкілдері әннен, биден мерекеге шашу шашып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, жұртшылық Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында орталықтардың көрмесін тамашалады.

Спорттық шаралар да мерекенің көркін ашты. Арқан тартыс, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындарымызбен қатар, кір тасын көтеруден де жастар өзара бәсекелесті. Жеңімпаз атанғандары марапатқа ие болды.

Мерекелік сауданың да көркі қызып жатты.

Достық мерекесінің дүбірі күн батысқа ауған шаққа дейін жалғасын тапты. Кешкілік қала тұрғындары үрмелі аспаптар оркестрінің «Достық әуендері» концертін, «Кел, билейік» атты қалалық би ұжымдарының байқауына куәгер болды.

Кеншілер алаңында өткен ұлан-асыр той – ұлттар татулығын тағы бір айшықтай түсті.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.