Ызғарлы желтоқсан – Тәуелсіздік бастауы

Биылғы жылды Елбасы Н.Ә.Назарбаев  Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жариялады. Осы Тәуелсіздікке жету жолында талай бұралаң жолдан өткен қазақ елі үшін 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының ызғары өшпес тарих. Сол желтоқсанның да биыл 25 жылдығын атап өткелі отырмыз.

Осы мақсаттағы іс-шаралар біздің қалада өз бастауын алды.Сәрсенбі күні №7 орта мектептің 10 А, 10 Б сынып жетекшілері С.Амантаева мен А.Хафизованың ұйымдастыруымен «Ар-намысым, мақтанышым, қасіретім – желтоқсан!» атты тәрбие сағаты өтті.

1986 жылдың 16-17 желтоқсанында сол кезеңде ел астанасы болған Алматы қаласында «Тәуелсіздік керек, қазақ елін қазақ басқарсын» деген ұранмен алаңға шыққан жастардың бұл ерліктері Тәуелсіздікке жетеледі. Жиналғандардың назарына «Желтоқсан желі» әнінің ырғағында желтоқсан оқиғасы жайлы бейнефильм ұсынылды. Желтоқсан мен тәуелсіздік жайында өлеңдер оқылып, әндер айтылды. Ұлт үшін ызғарлы желтоқсанда алаңға шыққан намысшыл қазақ жастары аз болмады. Соның бірі – Қайрат Рысқұлбековтің қамауға алынып, азапқа түскен шағын бейнелейтін көрініс қойылды. Осы оқиға туындағанда Алматыда 3 курста оқыған,  мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Ләззат Мусилова өзі көрген оқиғалармен бөлісті.

Тәрбие сағатын мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Нүриденова қорытындылады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.