Өткенге өткел салынды

20150515-03-1-120150515-03-1-2Орталық Қазақстандағы тасқа бейнелеу өнерінің көне ескерткіштері орналасқан, Жезқазғаннан 88 шақырым жердегі «Теректі» ауылында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған «Ерлікке – тағзым» ескеркіші салтанатты түрде ашылды. Ауыл тұрғындарының бастамасымен бой көтерген ескерткіш «Жас терек» клубының аумағына орнатылды. Соғыс жылдары бұл шағын ауылдан отыз жеті адам майданға аттанды. Олардың қатарында Төлен Айбасов, Есімсейіт Бейсембаев, Базылбек Наурызбаев, Әбдіхамит Қожақов, Дастан Исабеков, Сәмет Байқасымов, Мүсілім Сүлейменов, Махмұт Түсенов бар. Жауған оқтың астынан аман-есен оралғандары саусақпен санарлықтай.

«Теректі» ауылының барлық тұрғыны, Жезқазған, Сәтбаев қаласының, Сарысу, Түйемойнақ елді мекендерінің жақсысы мен жайсаңы, соғыс және тыл ардагерлері тарихымыздың ортақтығын танытып, ашылу салтанатына түгелдей қатысты.

– «Теректі» ауылынан соғысқа аттанған батыр аталар ұрпағының және тұрғындардың береке-бірлігі арқасында көптен күткен арманымызға қол жеткіздік. Ата-баба аруағы риза болсын, ерлігі жас ұрпаққа ұран болсын деген оймен жасалған шара Отанды сүйетін, қорғайтын азаматтарды тәрбиелеуде, жастарға үлгі болса нұр үстіне нұр, – дейді ауыл ақсақалы Жамантай Махмұдов.

Өмірден өткендерге қол жайып, құран бағыштаудан артық ештеңе жоқ. Үлкен жиынның басы жауынгерлер рухына құран бағыштаудан бастау алды.

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Базарбай Әлеуханұлы, Жезқазған ардагерлер кеңесінің төрағасы Айып Асылханұлы құттықтау лебізін білдіріп, игі іске белсене атсалысқан азаматтарға Алғыс хат тапсырып, сый-сияпат жасады.

Осы өлкенің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін жатқа білетін ұлағатты ұстаз Жамантай Махмұдов майдан шежіресінен сыр шертіп, жауынгер Төлен Айбасовтың «Сәлем хатынан» үзінділер оқылды. Өткеніне өткел салып, бүгінгі ұрпақтың жадында ата-бабаның рухын жаңғыртып, ескерткіш тақта орнатуға белсене қатысқан ауыл азаматы Бекзат Үмбетовке ат мінгізіп, иығына шапан жапса,

– Бабалардың өмірлік

          өнегесі,

Жайылды «ескерткіш»

          боп керегесі.

Еске алып, асылдарын,

          батырларын,

Гүл қойды немересі,

          шөбересі, –

деп теректілік Ақкүлше ақын жырдан шашу шашты.

Жезқазған теміржол станциясының басшысы Мақсұт қажы Сұлтанғазыұлы осы өңірден соғысқа аттанған азаматтардың арасында әкесінің болғандығын тебірене әңгімеледі. «Елін сүйген адам ерлік жасай алады» деп Бауыржан атамыз айтқандай, елін сүйген ерлеріміздің ерлігінің куәсі осы ескерткіш болып табылады», – деп тұжырымдады толғанысқа толы тілегін. Мұнан кейінгі құттықтау сөздің кезегін алған Кеңгір селолық округінің әкімі Қанағат Байжанұлы бір топ тыл ардагерлеріне «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» төсбелгісін тапсырды. Соғысқа қатысқан майдангерлердің өздері болмаса да, көздіндей болып, өмір жалғастығының бар екендігін, нар екендігін танытып ортаға майдангерлердің бір топ ұрпағы шықты.

– Отыз жеті әкенің кейбіреуінің көзін көріп, естеліктеріне қанығып өстім. Әкемнен бес жасында қалған Бекзат бауырымның игі бастамасын қолдап, жұмыла көтерген жүктің жеңілдігін танытқан жандар кішкентай ауылда үлкен жүректі адамдардың тұратындығын дәлелдеді. «Отан» деген ұлы ұғымның осындай береке-бірлігі басым ауылдардан бастау алатындығының куәсі болдық. Отаншыл ұрпақ осыдан қалыптасса керек. Өз өмірін қиып, бізге және болашаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлер есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені олар барша адамзаттың батыры! – деп ағынан жарылды атаулы шараға Астана қаласынан ат арылтып келген, осы ауылдан шыққан жазушы, журналист Базаргүл Үмбетова.

Аруақтарды ардақтаған белгі тастың лентасын қию құрметіне Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова мен қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаев ие болды. Мектеп оқушылары әзірлеген бағдарламада сахналанған көріністер қойылып, сұрапыл соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.