Партбилеті жанына араша болған жауынгер

20150515-04-1ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы қазақ даласын зар қақсатып, запыран құстырған қуғын-сүргін, қынадай қырған аштықтың залалы енді басылған тұста дүниені астан-кестең еткен соғыстың өрті ұлтымыз үшін орны толмас тарихи трагедия болып қалды. Тұтқиылдан шекараға жау шапқанда одақтас елдердің ерлері ерлік үшін емес, «Отан» үшін деп оқ пен отқа орана жүріп, Жеңіс күнін тойлауды нәсіп етті. Сондай жауынгердің бірі – жерлесіміз Уәли Бимұратов еді.

Ол 1914 жылы Ақмола губерниясының Атбасар уезіне қарасты Қаракеңгір ауылында дүниеге келген. Жастайынан жетімдік тауқыметін тартқан бозбаланы жат жерде қалмасын деп 1927 жылы ағасы Баймұрат Жезқазғанға көшіріп әкеледі.

Ашаршылық, «халық жауы» деп ұлт көсемдерін ату, түрмеге қамау, жала жабу сынды нәубеттерді көріп өскенімен, жігерін мұқалтпай еңбекке араласады. «Покро» шахтасында еңбек белсенділігін көрсеткен Уәлиді шахта басшылары Қарсақбайдағы кен-байыту училищесіне оқуға жібереді. Бұл оқу орнында да жан-жақтылығымен көзге түсіп, райком комсомолының жолдамасымен Мәскеудегі рабфакта оқиды. Оны 1932 жылы бітіріп келіп, Қарсақбай мектебінде басшылық қызмет жасайды. Ал, 1936 жылы Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында тарихшы мамандығын меңгеріп шығады. 1939-40 жылдары Ұлытау ауданында, 1941 жылдың тамыз айына дейін Рудниктегі мектепте директор болып қызмет етеді. Соғыс басталғанда майданға алынып, сұм соғыстың залалын тартты.

Уәли Бимұратов ақсақал көзі тірісінде өзінің жауынгерлік жорық жолдарын хатқа түсіріп кеткен екен. Сол өмірбаяндық хатынан үзінділер келтірсек.

«Мен 1941 жылы 1-ші тамызда Совет әскері қатарына қосылдым. Рудник кентінен 25 шақырымды 900 адам жаяу жүріп бір станциядан вагондарға отырғызып Балқашқа жіберді. Балқашқа аман-есен жеткен соң баржамен Бүрлі-Бөбеге дейін жүздік. Үш жарым күн Балқаш көлі арқылы әрі қарай вагондармен Алматыға жол жүрдік. Түн ішінде Алматыға жетіп, әскери қалашыққа бір түнедік. Содан ертеңіне барлығын роталарға бөліп тастады. Мен миномет батальонына түстім. Ондағы комиссарлар мені партия бюросының дивизия мүшесі, политрук ретінде таңдады. Солдаттар арасында сабақ бердім. Кейіннен бізді Ақмолаға жіберді. Әуеліде 20 күн карантинде болдық. Бізді роталарға бөлгенде мен 49 кавалериялық дивизияның бірінші полкіне түстім. Менімен бірге жерлестерім – Асан Баймағамбетов, Нарымхан Мейрамов, Смағұл Көшеков, Қаһарман Шыңғысов, Шаяс Қалмағамбетов деген жігіттер болды.

Ақмоланың маңында кірпіш зауыты болды, бізді сол жерде вагондарға бөліп, жайғастырды. Вагонның іші суық болғанымен, бізді жаттықтыра берді. Біз не бары 10 күн жаттықтық. Содан соң Зайсан қаласынан кавалерияға арнап жылқыларды қуып әкелді. Жылқылар мүлдем үйретілмеген, асау еді. Эскадрон командирі лейтенант Беспальцев бізге әрқайсың ертоқым алып өздеріңе кавалерия атын алыңдар деп бұйырды. Сөйтіп, ат үйреттік. Кавалерияда ешқандай киім-кешек болған жоқ. Тамақтары да мардымсыз.

Бірінші кездері мен №49 кавалерия дивизиясының І полк эскадронының солдаты болдым. Ал, кейін полк комиссары мені ІІІ эскадронның политрук орынбасары етіп сайлады. Сөйтіп, солдаттарға саяси жұмыстар жүргіздім. 1941 жылдың қараша айында бізді фронтқа жіберді. Мен эшелон комиссары болдым. Біздің эшелон Есіл-Оренбургқа қарай беттеді. Жүретін бағытымыз – Надон еді. Біз Воронеж арқылы өтіп келе жатқанда эшелонды неміс бомбалаушылары қоршап алды. Вагондардың төбесінде орнатылған зенит пулеметі болды. Осы теке-тіресте 5 фашистік ұшақ жойылды. Бірнеше солдат көз жұмды. Эшелон өзінің ұстанған бағытында талай рет бомбалаушыларға түсіп жатты. Бірте-бірте Юзем қаласына келіп жеттік. Біздің №49-шы кавалерия дивизиямызды 66-шы кавалерия полкіне қосты. Мен осы кезде кіші политрук шенінде болдым. Донца аймағында тұрғанымызда ұрыс басталып кетті. Желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында Харьковқа барарда біздікілерді фрицтер тұтқынға алды. Сонымен қатар, әскери техникалар, қару жарақтар да алынып қойды. Наурыз айында қорғанысты ұстап тұрдық. 1942 жылдың мамыр айында шабуылдауға жоғарыдан бұйрық келіп, 6, 7, 8, 9, 12 әскер шабуыл жасады. Бірақ, 6, 7, 8-ші арсенал фашистердің тұтқынында қалды. Осы шайқаста ауыр жарақат алып, қолыма тиген оққа қарамастан жан сауғалауға тырыстым. Жан-жақтан оқ жаудырған неміс әскері қаншама жауынгерді қырды. Неміс фашистері біздің әскерді қоршап алған соң бұл істі бұлай қалдыруға болмас деп өзімнің және өзгелердің де жас өмірін сақтау үшін жарақатыма қарамастан 17 адамды жинап алып соғыс алаңынан қашуға бел будық. Бірақ, Юзем қаласындағы қарша бораған оқтан сытылып шығу оңай болған жоқ. Неміс әскері біздің тұтқынға берілуімізді талап етті. Амал қалмады, әрине, бізге өмір қымбат болған соң тұтқынға берілдік. Мен ол кезде небары 24 жаста едім. Мен тұтқында 1942 жылдан 1943 жылға дейін болдым. Жарақатым жазылған соң тұтқыннан қашуды ойладым. Сөйтіп, тағы 20 адамды қасыма ертіп, тұтқыннан қаштық. Сол кезде менің аяғыма киген бәтеңкенің табанында партбилетім болды. Қасымдағы досым екеуміз қашып келе жатып, Кеңес әскерінің разведкасына тап болып қалып, бізді штабқа алып келді. Штабта отырған полковник бізге «Сендер совет әскерінің адамдары екендіктеріңді қалай дәлелдейсіңдер?» деді. Мен сол кезде тістеуік сұрап алып, бәтеңкемнің табанында тығылып тұрған партбилетімді алып шықтым. Мен көрсеткен партбилет полковник Егоровқа дәлелдеме болды. Содан әлгі жерде тамақтанып, жөн сұрасып, кейін мені командир расчета етіп тағайындады» деген қолжазбасы жауынгер У.Бимұратовтың қайтпас қайсарлығын көрсетіп-ақ тұр емес пе?!

Міне, нағыз ерен ерлік. Қаншама қиындықтармен бетпе-бет келсе де жаудың мысын басқан Уәли Бимұратов елге 1946 жылы оралып, «Покрода» және Солтүстік Жезқазған кенішінде қызмет жасайды. Сөйтіп жүріп Балқия есімді арумен танысып, отбасын құрады. Балқия әжей де отты жылдары «Покро» шахтасында еңбек еткен тыл ардагері. Өмірінің соңына дейін адал еңбекпен еліне ардақты бола білген жан 1979 жылы соғыста алған ауыр жарақаты сыр беріп өмірден өтті.

Майдан даласындағы ерлік істері бірнеше орден, медальдармен марапатталып, құрмет көрсетілді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.