Жауынгерлік рух ұлықталған күн

20150515-12-1-120150515-12-1-2Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келген биылғы Отан қорғаушылар мерекесі қаламызда ерекше жағдайда аталып өтті. Ерекше дейтініміз, бұл күні қала орталығындағы «Даңқ аллеясы» түбірінен жаңғыртылып, жаңаша сипат алды. Аталмыш аллеяда «Тағзым» мемориалдық кешені бой көтерді. Мереке күні соның бірінші кезеңі салтанатты түрде ашылды.

Тарих көші үнемі жаңарып отырады. Десек те, мәңгі ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар болады. Соның бірі – әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасыреті мен Ұлы Жеңістің қасиеті, батыр аталарымыз бен апаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Қайта, жыл өткен сайын Отан үшін болған ұрыстардың маңызы және осы жолда шейт болған бабаларымыздың ерліктері жаңғыра түседі. Өйткені, ерлік ешқашан ұмытылуға тиіс емес. Сол мәңгі ұмытылмас ерліктерді елдің жадына салып отыратын бір ескерткіш, белгінің де болуы заңдылық. Алғашқы кезеңінің тұсауы кесілген мемориалдық кешен де осы мақсатта бой көтеріп отыр. Оның «Тағзым» деп аталуының өзі соның айғағы.

Орайы келгенде айта кетейік, «Тағзым» мемориалдық кешені бес мүсіндік жұмыстан тұрады. Оның бірі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналса, енді бірі – тыл еңбеккерлеріне, үшіншісі интернационалист-жауынгерлерді еске алуға, төртіншісі – түрлі автогендік апаттардан опат болғандарды, бесіншісі бейбіт өмірде қаза болған ерлерді еске алуға арналған. 7 мамыр күні соның «Тыл еңбеккерлерін еске алу» мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды.

– «Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран» дейді дана халқымыз. Бүгінгі күн бейбітшілікті жанымен қорғаған жаужүрек аға буынның ерлігі мен қаһармандығы алдында бас иіп, тағзым ететін күн. Осындай қастерлі күндерде қала жұртшылығының жиналып, жауынгерлік рухты ұлықтайтын арнайы орны болу үшін тыл еңбеккерлеріне арналған мемориалдық кешенді ашып отырмыз. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында майдандағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. Олардың ерен еңбегі майдандағы ерлікпен пара-пар. Сол ерлік еңбекті ел жадында мәңгі сақтау – біздің, бүгінгі ұрпақтың, басты парызы. Біз соның бір тарыдай ғана бөлігін орындадық, – деді мемориалдық кешеннің ашылу салтанатында тебірене сөйлеген қала әкімі Әнуар Омар.

Салтанатта қала басшысы кешегі батыр бабаларымыздың ерлік істерін жалғастырушы жас ұландар мен қаламыздағы күштік құрылымдардың жеке құрамын, жалпы қаланың ер-азаматтарын төл мерекелері – Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Бұдан соң қала әкімі Әнуар Омар және Ұлы Отан соғысының ардагері Әкбар Аманжолов, тыл ардагері Біркен Оразбеков мемориалдық кешеннің лентасын қиып, ескерткіштің ақ жаймасын ашты.

Мерекелік салтанатта сондай-ақ, қалалық құрылымдық күштердің бір топ азаматтары төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен, қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың көшін Қазақстан жауынгер-интернационалистері ардагерлік қозғалысын насихаттау және жастар мен жасөспірімдердің патриоттық тәрбиесіне қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы жергілікті соғыс және Ауғанстан ардагерлері одағының Құрмет грамотасымен һәм төсбелгісімен марапатталған №10 орта мектептің директоры Сапарғали Баймағамбетов бастады. Марапаттарды қала әкімі Әнуар Омар табыс етті.

Өз кезегінде қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Руслан Шакерханов күштік құрылымдардың жеке құрамы мен азаматтарды төл мерекелерімен құттықтай келіп, жастар мен жасөспірімдердің патриоттық тәрбиесіндегі ерекше жетістіктері үшін қала мектептерінің бір топ алғашқы әскери дайындық ұйымдастырушыларын қалалық қорғаныс бөлімінің грамотасымен марапаттаса, Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыс және локалдық соғыстар ардагерлері Республикалық ұйымының төрағасы Қайсар Бимұратов жігіттерді мерекелерімен құттықтап, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Руслан Шакерхановты «Қазақстан патриоты» медалымен марапаттады.

Мемориалдық кешеннің ашылуы мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатта қалалық ішкі істер бөлімі мен №44 өртке қарсы әскери бөлімге қызметке тұрған жастар салтанатты түрде ант қабылдады.

Мерекелік іс-шараның соңы Қазақстан Республикасы Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты сап түзеу рәсімімен аяқталды. Мерекелік шеруге №44 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінің, қалалық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы мен барлық мектептердегі Жас Ұлан клубының жауынгерлері қатысты. Шеруді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұстаған топ бастап жүрді.

Салтанатты шарада қаламыздың өнерпаздары әннен шашу шашып, мереке көрігін қыздыра түсті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.