Кеніштегі құтқарушылар

20150522-08-1«Қазақмыс» корпорациясының тапсырысын орындаумен айналысатын Жезқазған әскерилендірілген тау-кен құтқару жасағының газ талдағыш взводы кеніштердегі апаттардың алдын алу мен оның салдарын жою жөніндегі тапсырылған міндетті абыроймен орындап келеді.

Зардап шеккен адамдарды құтқару және іздеу, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде ержүректілік пен батырлық танытқан құтқарушылар арасында Владимир Панфилов, Михаил Мерзликин, Асылхан Қазыбаев, Владимир Мяторов, Мәди Серкебаев, Өмірхан Смайылов, Сапар Төлеуішов, Толқын Тұрлықожаев, Жанболат Құрсабаев, Төлеген Лабаков, Айдар Жанғабылов, Ерлан Ахметов бар. Бөлімше командирлері Талғат Бекетов, Еділжан Босқұмбаев, Марғұлан Рыскелдин жауапкершілік жүгінің ауырлығын түсінетін, өз ісін жетік меңгерген мамандар.

Кеніштерде апаттың алдын алумен айналысатын взвод жауынгерлері газ деңгейін тексеріп, сынамасын зертханада анықтап, шектеулі рұқсаттық шамадан асып кеткен жағдайда тау-кен инспекциясына тапсырады. Жұмысқа тиянақты, жауапкершілікпен қарап, апатты жағдайды анықтап, дер кезінде ауыздықтау арқылы өндірістегі қалыпты жұмыс ырғағының бұзылмауына септеседі.

Құтқарушылар арнайы электротехникалық жабдықтармен, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұрғылау, жарылыс жұмыстарынан кейін сынама алуға арналған «Респиратор Р – 34» құрылғысы, шаң құрамын алуға «АЭРА» шаң сору құрылғысы, үрленетін камера, шөлмектер мен индикаторлы түтікше секілді құралдар пайдаланылады.

Жағымды жұмыс жағдайы қалыптасқан ұжымда спортқа баса назар аударылған. Жақында взвод командасы бөлімшелер арасында футболдан өткен кездесуде үшінші орынды иеленді. Өз мамандығы бойынша «Үздік респираторшы», «Техникалық дайындық тактикасы», «Үздік бөлімше» байқаулары да тұрақты түрде өткізіледі.

– Алдағы уақытта да шахталардағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысып, адам өмірін сақтап қалу жолындағы жұмысымызды жалғастыра бермекпіз. Сондықтан әріптестерімді қажырлылықпен еңбек етуге шақырамын, – дейді газ талдағыш взводы командирінің орынбасары Асхат Сейдахметов.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.