Тіл жанашыры

20150522-08-2Жезқазған әскерилендірілген тау-кен құтқару жасағы жауынгерлерінің қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Өзін тіл жанашыры ретінде танытып жүрген жасақтағы мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі жетекші маман Дәмеш Нысамбаева іс қағаздарын қазақшалауда үлкен жетістіктерге жетуде.

1960 жылы Жезқазған кентінде дүниеге келген Дәмеш Мәдетханқызы еңбек жолын аудармашы ретінде бастап, тіл кеңесшісі, тіл дамыту маманы қызметтерін абыроймен атқарды. Жайдары мінезді, ақпейіл жан әріптестерін қазақ тілінде сөйлеуге үйретіп, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырумен айналысады. Барлық тапсырмаларды сапалы орындайтын ол ұжымында сый мен құрметке ие.

– Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз, – дейді ол.

Кәсіби жағынан ұдайы даму үстіндегі Д.Нысамбаева жылдық есептер мен техникалық құжаттарды қазақ тілінде дайындауда, аударуда шеберлігі шыңдалған маман екендігін танытып келеді. «Ассалазар» қазақ тілі орталығы өткізген «Құжаттарды қазақ тіліне аудару» семинар-тренингінің белсенді қатысушысы қызметтік міндеттерін үлгілі орындаудағы еңбегі үшін Төтенше жағдайлар Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

– Он жылдан аса мемлекеттік тілді енгізу жолындағы жұмысымды жалғастырып келемін. Біздің салада қазақ тілінің қолданысын қадағалай отырып, әдеби-композициялық кештер, семинарлар өткізіп, Заң барысын түсіндірумен айналысамын. Жетістіктер аз емес. Осы бағыттан жаңылмасақ тілге деген ынтаның арта түсері анық, – деген Дәмеш Мәдетханқызы алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту ісіне үлес қоса беретіндігін атап айтты.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.