Атқарылған жұмыстарға оң баға берді

20150522-03-1«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова өткен сәрсенбі күні кенді қалаға іссапармен келді.

Кенді өлке халқының тұрмыс жағдайын, партияның Елбасы Н.Ә.Назарбаев айқындап берген мемлекеттік бағдарламаларын жергілікті филиалдың қалай атқарып отырғандығын білу мақсатында атбасын әуелі қала басшысы, қалалық филиал төрағасы Әнуар Омарға бұрған Қадиша Базарбайқызы «Нұр Отан» партиясының Сәтбаев қалалық филиалында бастауыш ұйымдарының жетекшілерімен жүздесті.

Кездесу барысында облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасының Президентін сайлау науқаны кезінде кенді қаладағы филиалдың жоғары деңгейде жұмыс жасағанын айта келе, барлық партия мүшелеріне алғысын білдірді.

Жергілікті филиал төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев атқарылған жұмыстардың барысын сөз етті. Соның ішінде тілге тиек етілгендері – партияның бастамасымен қолға алынған «Кедергісіз болашақ» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс жәрмеңкесі. Жаңбырбай Әбжәметұлының айтуынша, бұл жәрмеңке екі мәрте ұйымдастырылған. Жұмыс жәрмеңкесінің барысында азаматтар «екі қолға бір күрек» тапқан. Сонымен қатар, жыл басынан бері партия мүшелеріне жаңа үлгідегі билеттер берілген.

Партияның жергілікті филиалы сонымен қатар, Ұлы Жеңістің тойында ардагерлерді ардақтап, құрметтеуде де біршама жұмыстар атқарған. Жастар саясатын жүзеге асыруда, тұрғындардың әлеуметтік мұң-мұқтажын тыңдап, оны билік өкілдеріне жеткізуде жұмыс жасап отырған қоғамдық қабылдаудың да жай-күйі, жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша жұмыстардың қалай жүзеге асырылып отырғандығы сөз болды. Бастауыш ұйымдарының да жетекшілері өз ойларын ортаға салды.

Жиынды қортындылаған Қадиша Базарбайқызы: «Бүгінде партия төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев партия мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Қай салада, қандай мәселеде болмасын бүкпесіз, ашық әрі халықтың пайдасына жұмыс жасауды Президент үнемі тапсырып отырады. Ал, сол тапсырмалардың жүзеге асырылуында партия мүшелерінің әрқайсы бір қолдың саласындай жұмыла жұмыс атқаруы қажет.

Кенді қаланың келешегі кім-кімді болмасын ойландырып-ақ жүр. Алайда, қазір еш алаңдауға негіз жоқ. Аймақты дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, қалада жаңа мөлтекаудан бой көтеріп, тұрғын үйлер салынуда. Құрылыс қарқынды жүрген жердің болашағынан зор үміт күтуге не күдік бар? Бастысы, бір мақсат, бір мүдде жолында жұдырықтай жұмылу, ұлт мүддесі үшін талмай еңбек етуден басқа бақыт жоқ емес пе?» деді.

Қадиша Оспанова бастауыш ұйым жетекшілерімен кездесуден соң, партияға үміт артып келген бір топ тұрғындарды сұрақтары бойынша қабылдады. Қала тұрғындарының мәселелері де сан алуан. Бірін жұмыссыздық, баспана жайы мазаласа, енді бірін қалаға қоңсылас жатқан Весовая елді мекеніндегі отбасылық кітапхананың жағдайы алаңдатуда. Осы кітапхананың меңгерушісі Ольга Владимирова келешекте кентті көшіретін жағдай болса, жарты ғасырдан аса тарихы бар кітапхананың жаңа бой көтеретін мөлтекауданда сақталып қалуына партия тарапынан жұмыстар атқарылса деген ойын жеткізді.

Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары тұрғындардың мәселелері шешілгенше мүмкіндігінше бақылауда болатындығын айтты.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.