«Кездесеміз, жүздесеміз біз дәйім…»

Осы атаумен Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен Береке Көшеновтің ән кеші ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Жақсыкелді Сейіловке арналды. Оның есімі жетпісінші жылдары күллі қазақ даласын шарлап кетті. Ең алдымен өмірді сүйіп, жарық дүниенің дүбірін сезген көкіректен әуезді саз төгілді. Сырлы да назды әндерімен танылған талантты ұлдың шығармалары бүгінде өлмейтін, өміршең мұраға айналды. Аталмыш кеште көрермен қауым Жақсыкелді әндерімен тағы да қауышты.

Осыдан алпыс алты жыл бұрын Ұлытау ауданындағы Алғабас ауылында Уәли мен Ақбаланың шаңырағында дүниеге келген сәби алты айында қос жанарынан, үш жасында анасынан айрылып, қабырғасы қатпай жатып, өмірдің қатал сынағына ұшырады. Дауасыз дерт қарашығын қараңғылағанымен, көкірек көзін жаба алған жоқ. Оның сырлы әндері жан айнасына түскен жарық күннің сәулесіндей болды.

– Жақаңмен өнерде де, өмірде де жолымыз түйісіп, сырлас достарға айналдық. Жан әлеміне үңіле жүріп, ерекше қасиет тұтқан Ана, Әке, Жезқазған деген үш киелі ұғымның бар екендігін түсіндім. Алтын бесігі, ардақты ақ ордасына айналған Жезқазғанға арнап жазған «Жезқазған маршы» бүгінде қаланың әнұранына айналды, – дейді ҚР еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов.

Ол дүниеге әкелген әр әннің өзіндік тарихы бар. Мәселен, баласы әскерге аттанған ана толғанысын жазбай таныған сазгердің «Ана туралы балладасы» анасы Ақбалаға деген өшпес ескерткішіндей болып қалды. Әу баста Болат Есмұхановтың, кейіннен Аманжол Шамкеновтің сөзіне жазылған ән Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып орындалды бұл кеште. Жақсыкелді Сейіловтің зағиптар мектебінде білім алуына сол кезде білім басқармасын басқарған Томарбай Жақыпов себепші болған. Жеті жасар ұлды Қарағандыға жетектеп апарған әкесі Уәли мен ағасы Мақсұт анасының орнын жоқтатпай, тәлімді тәрбие беруге тырысты. Ұлы композитордың жасындай жарқылдаған өмір жолының бастауында тұрған осындай жандарға арнап жазған «Әке туралы ой» деп аталатын ғажайып туындысы әкелердің асқақ тұлғасына арналған. Жақсыкелді әндерінің алтын өзегі – махаббат. Өмір сүрудің мәні неде екендігін ұқтырған киелі күш – махаббат құдіретін нотаға түсірді. «Неге солай жаратты екен адамды?», «Көріспей-ақ қоялық», «Сол тілегім» әндері әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Жақсыкелді Сейіловтің аты аталса «Қаракөз» ансамблі еске түседі. Екеуі егіз ұғым іспетті. Сәлімжан Сейілов, Болат Есмұқанов, Әбу Түсіпбеков, Өмірхан Қалмағанбетов, Қойшығара Әміралин секілді өнерлі азаматтардың басын қосқан ансамбль аз уақытта көрермен көңілін жаулап алды. Аймағымызда басталған өнер көші кейіннен облыстық, республикалық байқауларға жол тартты. Жастардың жанына жақын халықтық ұжымға, елдің «Қаракөзіне» айналуына Жақсыкелді Сейіловтің лирикалық шығармалары үлкен үлес қосты.

Ол азаматтық үні бар композитор екендігін «Қазақстан комсомолдарының әні», «Жезқазған жастарының жыры», «Ұлытау», «Бейбітшілік таңы» секілді патриоттық сезімге құрылған қуаты күшті әндерімен танытты. Төлқұжатына айналған ғұмырлы туындылар арасында «Жезкиіктің» орны ерекше. Ән жайлы Нұрғиса Тілендиев: «Жезкиік әнін алғаш естігенде қатты толқыдым. Көңілімді құлазытқан жоқ, қуантты. Одан халқымыздың қанына сіңген қайырымдылықты сезіндім, табиғаттың бар жаратылысына деген қамқорлықтың ізгі жоралғысын көріп, сұлулықтың сырласы болдым» деп жазады.

Қайырбек Сәдуақасовтың сөзіне жазылған «Сүйіншімен» шымылдығы ашылған кеш «Айналайын, қанатым» әнімен жалғасты.

– Мақсатым – Жақсыкелдінің рухын биіктету, әндерін кейінгі ұрпаққа аман-есен, бұзбай, сол қалпында жеткізу. Осы уақытқа дейін оның атына берілген бір де бір көше, мәдениет ошағы жоқ. Жақсыкелдіні ел болып ұлықтайтын, шын бағасын беретін кез жетті. Тілегіміз ел ағаларының құлағына жетіп, орындалып жатса нұр үстіне нұр. Бұл Жақсыкелдіге ғана емес, мұқым қазақ мәдениетіне, қазақ өнеріне жасалған құрмет болар еді, – дейді Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Береке Көшенов. Кейінгі ұрпаққа аманат ретінде, Жақсыкелді әндерінен көз жазып қалмау ниетімен үнтаспасын жарыққа шығару – Береке ағамыздың тағы бір армандарының бірі. Алла қаласа орындалар деп сенеміз.

Осы кеште Жақсыкелді ағаның таспаға басылған дауысын естудің сәті түсті. Сазсырнаймен сызылтып тұрып «Сәулешімді» шырқаған ән аға ортамызға қайта оралғандай күй кештік. Тұла бойымыз шымырлап, көзімізге жас іркілді. Тік тұрып қошемет көрсетіп, қосыла шырқаған көрермен Жақсыкелді Сейіловтің сиқырлы да сазды әндеріне деген сағынышын осылайша басты.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.