Бестердің белесі

«Шарайна» газетінің 25 жылдығын атап өтуге әзірлік тұсында газеттің қазанында қайнаған, оның өсу-өркендеу жолдарында тер төккен азаматтарды қайтадан бір зерделеп шығуға тура келді. Сондағы аңғарғанымыз, оларды үлкен үш толқынға бөлуге болады екен. Бірінші толқын – газетті ашып, қанат қақтырғандар, екінші толқын – ақпарат айдынында қанатын қатайтып, топшысын бекіткендер, ал үшінші толқын – басылымды заман ағымына сай жаңаша бейімдеп, заманауи бет-бейнесін қалыптастырғандар.

20150522-05-1-2

Олардың алдыңғы толқыны жайлы біз Мәди Әлжаппаровпен болған сұхбатта айтқан болатынбыз. Екінші толқын жайлы газеттің тізгінін тоқсаныншы жылдардың ортасында қолына ұстап, аумалы-төкпелі уақытта оның ерінің аумай аман өтуіне мұрындық болған Абдолла Дастанов әңгімелейтін болады. Аумалы-төкпелі деп отырғаным, сол тұстарда облыстық «Жезқазған туы» газетінің де атауы «Сарыарқа» болып өзгертіліп, бір облыста екі «Сарыарқа» болмауы керек деген пікір қалыптасты да, Сәтбаев қалалық газеті жабылып қалудың алдында тұрды. Міне, сол тықыр таянған тұста биліктегілердің бетін бұрып, газеттің «Шарайна» аталуына себепші болған және оны барлық жағынан қорғап шыққан да осы Әбекең – Абдолла Дастанов еді…

Бірақ, әңгіме арнасын Әбекеңе емес, үшінші толқын, газетіміздің заманауи бет-бейнесін қалыптастырып, жаңаша бейімдеуде өзіңдік қолтаңбасын қалдырған азамат, «Шарайна» газетінің үшінші мыңжылдықтар бастауындағы редакторы Төлеш Асантегіне бұруға мәжбүр болып отырмыз. Оның да өзіндік себебі бар. Бүгін, 22 мамыр күні аймағымызға белгілі журналист, кешегі облыстық газеттің қарашаңырағы саналатын «Сарыарқа» газетінің редакторы – Төлеш Асантегі екі беске, яғни 55 жасқа толып отыр. Мақаланың тақырыбын бестер белесі деуіміздің де сыры осында.

***

1999 жылдың қараша айының ортасы болатын. Қалалық «Шарайна» газетін аударыстырып отырып, «Редактор Төлеш Асанов» деген жазу көзіме оттай басылды. Төкең екеуіміз Жезді аудан болып тұрған жылдарда сол ауданның «Октябрь туы» деп аталатын газетінің шекпенінен шыққан едік. Мектеп бітірген жылы Төкең осы газетте бір жыл әдеби қызметкер болып жұмыс істеді де, келер жылы Алматыға оқуға түсті. Екі жылдан кейін мектеп бітіріп осы газетке мен де келдім әдеби қызметкер болып. Семестр біткен сайын Төкең редакцияға соғып, ондағы ағаларына сәлем беріп, біз сияқты жастарға білгенін үйретіп кететін.

Әлі есімде, редакторымыз марқұм Ишанбек аға Жауыртаев шопандар слеті қарсаңында малды ауылдың өмірі жайлы суреттеме жазуды тапсырды. Өзімше барымды салып жазған болдым. Редакторға апарып беріп, қашан шақырар екен деп қылпылдап отырмын. Бір кезде домаланып Ишекеңнің өзі келді.

– Мә, бала, тағы бір қарап шық. Ана, менің түзеткендеріме зер сал. Біраз еңбектенгенің көрініп тұр. Бірақ, бір қайнауы іште қалған. Суреттеме деген оқырманға сол ортада өзі жүргендей әсер қалдыруы керек. Суреттемені Төлеш Асанов мықты жазады. Бір келгенде содан үйреніңдер, – деді жазғанымды қолыма ұстатып тұрып.

Кейін, Төкең бір келгенде осы мәселенің жай-жапсарын сұрамаймыз ба. Сөйтсек, оқиға былай болыпты. Жездіде қуаңшылықтан шөптің шығымы мардымсыз болып, аудандағы әр мекемеден жастарды жинап, бригадалар құрып Есіл ауданына шөп шабуға жібереді. Солардың қатарында Төлеш те болады. Ишекеңнің күнделікті «дікілінен» бір демалатын болдым деп ойласа керек.

Шөптен келген күннің ертеңінде редактор Төкеңді шақырып алып.

– Ал, батыр. Еңбектің нағыз қайнаған ортасында болып келдің. Содан бір суреттеме жазып әкеле ғой, – дейді.

«Жазған құлда шаршау бар ма, кабинетке келіп отырдым да барған күннен қайтқан уақытқа дейінгі тірліктің бәрін көз алдымнан бір өткізіп алып, көсілте жөнелдім. Жазғанымды машинкаға бастырттым да редактордың алдына тастап, сыбағамды не болса да ертең алайын деп үйге тартып отырдым.

Ертеңінде редактор шақырып алып, «бір ай уақытың зая кетпепті, суреттемеңнен бәрі көрініп тұр, жарайсың» деп иығымнан қақты», деген еді Төкең сол жолы.

Міне, сол Төлеш бауырымды араға он жылдан астам уақыт салып тарыққан шақта жолықтырдым. Ертесіне редакцияға келдім. «Шарайна» ол кезде ауызекі «горисполком» аталып кеткен қалалық мекемелер үйінің ғимаратында, екінші қабатта отыратын. Төкең жылы шыраймен қарсы алып, жағдайымды сұрай бастады. Мен мән-жайды қысқаша айтып өттім.

– Оның не, құрылыста неғып жүрсің? – деді өзімсіне.

– Отбасымды немен асырамақпын? – дедім мен де.

– Газетке келмейсің бе?

– Келгенмін. Бірақ, бос орын болмады.

– Сондай да сөз болады ма екен? Былай істейік. Өзімнің мұнда келгеніме екі-үш күндей ғана болды. Ертең Қарағандыға жүремін. Сол жақ бекітеді екен. Сен маған келер жұма күні жолық. Міндетті түрде.

…Қуанышымда шек жоқ. Төкеңді жолықтырған құдайыма мың рет құлшылығымда айтып, үйге қарай үкідей ұшып келемін. Енді уақыт өтсейші. Жұмаға жеткенше тағатым да таусылып бітті. Әшейінде зуылдайтын уақыт табандап тұрып алғандай. Кәдімгі алғашқы мектепке баратын оқушы сияқтымын. Дүкендерді аралап, жақсы қалам, қойын дәптерлер сатып алдым. Сөйтіп жүріп жұманы да болдырдым-ау.

– Жаңа жылға дейін бір жарым айдай ғана уақыт қалды ғой. Әзірге сені келісім шартпен аламын. Жаңа жылдан соң штаттық кестені жаңартамыз. Сонда штатқа кірерсің. Келістік пе?

Келіспеген де ше. Осы жұмысқа неше жылдан бері қолым жетпей жүрді емес пе? Енді, міне, бақыт та менің есігімнен сығалағандай болды.

Сонымен не керек, газеттің өзіме таныс қым-қуат жұмысына бел буа кірісіп кеттім. Бір байқағаным, компьютер деген керемет мұнда әлі келе қоймаған екен. Газеттің мақалалары баяғыдай машинкаға басылады. Төкең жұмысын осы кемшілікті жоюдан бастады. Ол кезде қала әкімі Қанат Балмағамбетов болатын. Ол кісінің газетке деген көзқарасы бөлек еді. Жанашырлық танытып тұратын. Төлешті де қалаға шақырып, газетке редактор болуды ұсынған сол кісі болды. Және қолдан келгенше көмек көрсетті. Редакцияға екі компьютер бергізді. Газеттің өз компьютер орталығын құру үшін қажетті техника алуға қаржылай көмек жасады.

Қазір айтуға оңай болғанымен, ол кезде бұл істің қиындықтары аз болған жоқ. Оргтехниканы былай қойғанда, компьютермен жұмыс істей білетін, газетті беттеп, әрлейтін маман жоқ еді. Төкең жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп соның бәрін іздеп тапты. Компьютерден хабары бар жастарды өзі тәрбиелеп, газет беттеудің, дизайнның қыр-сырын үйретті.

Газетіміздің өз компьютер орталығынан ең алғашқы шығуы «шарайналықтардың» күні бүгінге дейін көз алдарында. Ол 2000 жылдың 22 наурызы болатын. Айналасы үш-төрт айдың ішінде редакцияны компьютерлермен, басқа да қондырғылармен қамтамасыз еткен Төлеш наурыз айында, яғни жыл басы саналатын 22 наурызда газетті өз компьютер орталығынан шығаруға бар күшін салды. Қарағанды қаласында шығатын «Азия Транзит» журналының әрлеушісі Гүлмира деген әріптесін арнайы шақырып алып Алмагүл Сұмағұлова, Ләззат Шахманова, Юлия Федина сынды жас қыздарға газет беттеуді, беттелген газетті арнайы қағазға шығаруды үйретті. Тайбурылдай бабының бес күндік кемдігіне қарамастан 22 наурызға қараған күні газет өз компьютер орталығында беттелді. Сол күні редакцияның барлық қызметкерлері таңғы сағат сегізге дейін жұмыста болды. Кірпік ілген жоқ. Бірақ, газет беттеліп, баспаханада басылып, оқырмандарына тарады.

Төлеш Асантегі газеттің дизайнына ғана емес, ішкі мазмұнына да баса назар аударды. Азғана уақыт ішінде өзіндік бет-бейнесі, айтар ойы бар заманауи басылым ақпарат айдынына шықты. Айшықты айдарлары мен мазмұнды мақалалары оқырмандарды баурап алды. Сол кездері газеттің таралымы 7-8 мыңға дейін жетті. Газетке білікті журналистер тартылды.

Журналистке жақсы жазумен қатар, өзге де қасиеттерді меңгеру немесе бойға сіңіру талап етіледі. Оның ең бастысы – адамдармен тіл табыса білу, әңгімеге тарту арқылы оның ішкі жан сырына үңілу. Осындай ерекшеліктер Төкеңнің бойынан қапысыз атойлап тұрады. Оны танитын жұрттың бәрі әдетте Төкіш дейді. Жасы үлкендер өзімсініп, еркелетіп, ал кішілер еркелеп, аға тұтып жүреді. Міне, сол Төкіш – Төлеш елу бес дейтін ел ағасы жасына толып отыр. Ол аздай, жаңа заманның көшіне өзі жетектеп әкеліп қосқан «Шарайнасы» 25 жасқа толды. Осы бестердің белесіне шыққан Төкеңнің төмендегі іздері әлі сайрап жатыр. Лайым шығар биігі мен белестері көбейіп, салған ізі кейінгілерге үлгі бола берсін демекпіз.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.