Таутұлғаға тасмүсін қойылып, есімі ұлықталды

20150522-02-1Мамырдың 15-і күні Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі, Жезқазған шахтапроходкалау тресінің бірінші басшысы, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерінің иегері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Ғазиз Омаровтың туғанына 90 жыл толды. Өткен аптада Жезқазған қаласында Ұлытаудың ұланы, өз заманынан оза туған дара тұлға Ғазиз Омарұлының мерейтойы айшықты шаралармен аталып өтті. Аталмыш мерейтойдың мемлекеттік деңгейдегі мерекелердің көлеңкесінде қалып қоймай, ерекше сипат алуына Ғазиз Омаров атындағы Жезқазған шахтапроходкалау тресінің ұжымы зор еңбек сіңірді.

Үлкен Жезқазған десек көз алдымызға Қаныш Сәтбаев пен оның әріптестері, шәкірттері мен ізбасарлары келеді. Солардың бірі осы Ғазиз Омарұлы болатын. Оның тағылымды өмірі осы өңірдің өндірісімен, әсіресе, шахталарымен тығыз байланысты. Жастайынан қызу еңбекке араласып, осы салада өзін майталман маман ретінде көпшілікке танытуымен қатар, ол қанаттас жатқан қос қаланың дамуына, қоғамдық өміріне өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырған тұлға. Ал, мұндай азаматты қалай дәріптесек те лайықты.

Бұл тұрғыда Ғазиз Омарұлы кезінде өзі іргетасын қалап, керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктеп берген шахтапроходкалау тресінің ұжымы азаматтық танытты. Дара тұлғаның 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізді. Ол таутұлғаға арналған тасбелгінің салтанатты ашылуымен басталды.

Көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаса керек, өткен жылдың соңын ала өңірімізде өзіндік қолтаңбасы бар тағы бір өндіріс майталманы, дара тұлға В.Гурбаның 100 жылдық мерейтойын атап өтіп, оның да тас тұғырдағы бюстін орнатқан болатынбыз. Сол жақсы іс биыл да жарқын жалғасын тапты. Ғазиз Омаров атындағы көшенің басына, тұлғаның тас тұғырдағы бюсті қойылды. Оның ашылу салтанатында Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов, Ғазиз Омарұлының Алматы қаласынан келген інісі Атабек Омаров, «Қазақмыс» корпорациясының Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің директоры Айдар Нығматулин, Ғазиз Омаровтың шәкірті, Құрметті металлург, техника ғылымдарының кандидаты Төлеген Бүкіров сөз сөйлеп, дара тұлғаның дарыны мен азаматтық беделі, іскерлігі мен адамгершілігі жайлы ой толғап, ақжарма тілектерін жеткізді.

Ресми шарадан соң Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов пен мерейтой иесінің бауыры Атабек Омаров бюстің ақжаймасын ашып, гүл шоқтарын қойды.

Дара тұлға Ғазиз Омаровтың 90 жылдық мерейтойына арналған салтанат бұдан әрі Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде жалғасты. Мұнда ұлтымыздың ардақты перзенті, еңбегімен ел есінде мәңгі қалған тұлға Ғазиз Омаровтың 90 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Оған Ғазиз Омарұлының отбасы мүшелері, бауырлары, үзеңгілес достары мен замандастары және студенттер мен оқушылар қатысты.

Тойшыл қауымды мәдениет ошағы алдынан Сәтбаев қаласының үрмелі аспаптар оркестрі әуезді әуенмен қарсы алды. Фойеде мерейтой иесі жайлы фотостенд жабдықталды. Ал, салтанатты жиын Ғазиз Омарұлының өмір белестері мен еңбек жолдары жайлы бейнефильммен басталды.

Ғазиз Омарұлы – өз заманының жарқын перзенті. Сонымен қатар, ол ел экономикасындағы реформаларды өз аймағында іске асырып, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын Жезқазған өңірінде саналы түрде жүзеге асырушылардың бірі болды. Оның Үлкен Жезқазғанның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дара тұлғаның еңбегі – өлшеусіз. Солай өлшеусіз болып қала да бермек.

Ол өз заманынан озып, өндіріске жаңа технологиялар енгізіп, кен алудың жаңа жолдарын пайдаланып, іске асырды. Қазір айтуға оңай болғанымен, сол кезеңдерде ол оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Сан алуан қиындықтарға, сан алуан кедергілерге кездесті. Техникалық, ғылыми тұрғыдағы кедергілер емес, адам қолымен жасалған тосқауылдар, аяқтан шалушылық аз болған жоқ. Бірақ, ол Ғазиз Омарұлын жасыта алған жоқ. Қайта жігерлендіре, қайраттандыра түсті.

Өзгесін былай қойғанда, оның кешегі алпысыншы жылдардың бел ортасында Жезқазғанда шахтапроходкалау тресін ашу туралы ұсынысын бәзбіреулер босқа ақша шашу деп, қарсы пікір білдіріп баққаны елге аян.

Ғазиз Омарұлы Никольский қаласына академик Қаныш Сәтбаевтың есімін беру жөніндегі бастамашыл топтың белсенді мүшесі болды. Бұл ой да бірден жүзеге асқан жоқ. Тек, партия төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланғаннан кейін ғана мақсат орындалды.

Ғазиз Омарұлы – үлкен саяси қайраткер, зор инженерлік тәжірибесі бар алып өндірісті ұйымдастырушы. Қанша уақыт өтсе де ол Жезқазған аймағының ең басты шахта құрылысшысы болып қала береді. 1966 жылы шахтапроходкалау тресінің пайда болуы арқылы аймақта үлкен көлемді кен шығарудың негізі қаланды. Ал, ол өз кезегінде кеншілерге тұрақты жұмыс пен табысты қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың маңыздылығын арттырды. Шахтапроходкалау тресінің мыңдаған жұмыскерлеріне 20 жылдан астам уақыт бойы білікті басшы, білгір жетекші болған Ғазиз Омарұлы өндірісті өңірімізде алып шахталарды да өмірге әкелді.

Салтанатты жиында сөз алған Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов пен Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Хмилярчук, сондай-ақ, сахнаға шығып, сағынышқа толы естеліктерімен бөліскен дара тұлғаның замандастары, бауырлары, ізбасарлары Мұзараф Аханов, Бауыржан Шыңғысов, Мәлік Омаров, Айдар Нығматулин, Төреқожа Тлемісов осы жайттарға кеңінен тоқталып, оның өмір белестері мен еңбек жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі етті.

Иә, Ғазиз Омарұлының үлгілі де өнегелі өмір жолдары мен ел игілігі үшін атқарған еңбектері оның Қаныш Имантайұлының шәкірті және оның істерін жалғастырушы деп толық айтуға негіз. Ол туып өскен Қаракеңгір елді мекенінен бастап барша Сарыарқаның сары даласының мақтанышына, абыройы мен беделіне айналды. Тұтас еліміз үшін дара тұлға болды. Солай болып қалады да.

Ұлтымыздың мақтанышы, аймағымыздың айтулы азаматы болған Ғазиз Омарұлының 90 жылдығына арналған іс-шара мұнымен шектелген жоқ. Жезқазған шахтапроходкалау тресінің ұжымы «Байқоңыр» мейрамханасында ас беріп, Ғазиз Омаровтың отбасы мен жақындарын, қанаттас жатқан қос қаланың игі жақсыларын мерекелік дастарханға шақырды. Мұнда да Ғазиз Омарұлының адамгершілігі мен елге тигізген игі істері, ұйымдастырушылық қабілет-қарымы сөз болып, мерейтой иесінің замандастары тағы де естелік тиегін ағытты.

Дара тұлғаның 90 жылдық мерейтойын атап өтуге мұрындық болған Жезқазған шахтапроходкалау тресінің ұжымы мерейтой иесінің жақындарына сый-сияпат жасап, қазақи салтпен иықтарына шапан жабуды да ұмытқан жоқ. Айдар Нығматулин бастаған трестің ұжымына Ғазиз Омаровтың жары Сара апай мен баласы Мақсұт қажы Омаров отбасы мен жақындарының атынан ризашылық сезімдерін білдіріп, алғыстарын айтты.

Орайы келгенде айта кетейік, салтанатты жиын мен мерекелік дастархан басындағы сындарлы сұхбатты Сәтбаев қаласындағы мәдени-сауық орталығының өнерпаздары жүргізіп, ән-жырдан шашу шашты.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.