Темірге тіл, жаңқаға жан бітірген

Ұлы дала көшпенділерінің тарихы бізге тек ауыз әдебиеті ғана емес, шеберлердің өнері арқылы да жеткен.
Қазақ халқының мәдениеті мен өнерінің сарқылмас қазынасының бірі – қол өнері.

«Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі әлеуметтік бөлімінің, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жастар Одағының, Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының ұжымы «Қазақтың қол өнері» атты аймақтық көрме ұйымдастырды.Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған көрмені өткізудегі мақсат халық өнері мен мәдениетінің бұрынғысы мен қазіргісін көрсету, жергілікті шебер- іскерлердің өнерін қолдау, таныстыру және насихаттау болды.

Бұл көрмеге «Ұлытау» тарихи- мәдени және табиғат қорық мұражайы, Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы, Сәтбаев қаласының бір топ қолөнер шеберлері қатысты.

Көрменің ашылу салтанатындағы алғашқы сөз қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиеваға берілді.

– Биылғы жыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен ерекше де маңызды. Осы мереке аясында қаламызда алғаш рет кең көлемде өткізіліп отырған көрменің ұйымдастырушыларына үлкен рахмет. Көрмеге қатысып отырған Ұлытау, Жезді мұражайларының қызметкерлеріне, қаламыздың жекелеген шеберлеріне қала әкімі Советбек Тұрсынұлы Медебаевтың атынан үлкен алғысымды жеткіземін. Ұлттық өнерді қолдағандарыңыз – ата-баба дәстүрін, халқымыздың тарихын, мәдениетін қолдағандарыңыз деп білемін, – деді Марал Сағынайқызы.

Көрменің әрі қонақтары, әрі қатысушылары Жезді және Ұлытау мұражайларының басшылары Рүстем Төрегелдин мен Бахтияр Қожахметов сөз кезегінде мұражай тарихынан қысқаша мағлұматтар беріп, көрменің жұмысына табыс тіледі.
Жергілікті шеберлер атынан сөйлеген Кенесары ханның төртінші ұрпағы болып келетін, бойында сан түрлі қасиеті бар суретші, аңшы, саятшы, күйші Қамбар Ұрзумов сөзін күймен көркемдеді.

Көрмеге Жезді мұражайының ұлттық-этнографиялық заттары, Сәтбаев қаласының ісмер, тігінші, ұста- зергерлерінің көптеген туындылары қойылды. Олардың ішінде Қытай Халық Республикасынан көшіп келген Гүлсім Дәуіттің ұлттық нақышпен өрнектелген кестелі бұйымдары, №7 орта мектептің мұғалімі Гүлбаршын Аманжолованың құрап, тоқып жасаған үй жасаулары, мөлдір моншақтардан жасаған алқа, білезіктері, «Қазақмыс» корпорациясының жұмыскері Тілектес Ищановтың ағаштан түйген тұрмыстық заттары, ұлттық аспаптары көргендерді таң қалдырды.

Мұндағы ерекше жәдігердің бірі – осыдан 200 жыл бұрын жасалған Қоңырбай батырдың алтын жалатқан күміс кісесі болды. Ол 1991 жылы Францияда өткен этнографиялық көрмеге Қазақстанның атынан қойылыпты. Оның суреті республикалық мұражайға қойылған. Белдікті бүгінгі күнге жеткізіп, атадан қалған мұраны көзінің қарашығындай сақтап келген жерлесіміз, батырдың бесінші ұрпағы Шәріп Әлжанов екен. Сондай-ақ, көрмедегі шеберлер Л.Бөлекбаеваның, Р.Тобаеваның, тігіншілер Ж.Бакирова, К.Мизамбаева, З.Батырбекқызы, ұста-зергер Б.Мағзұмовтың жасаған заттарына таң қалмасқа болмады.
Көрме барысында кейбір заттарды қолма-қол сатып алуға, тапсырыс беруге де мүмкіндік туды.

Бұрын-соңды қаламызда болмаған іс-шараны өткізуде көп еңбек еткен Кеншілер сарайының ұжымы атынан Ш.Ділдебаев мұражайының директоры Гүлсара Жиеналиева қорытынды сөзінде қазақ өнерінің дамуына үлес қосатын осындай көрмені өткізіп тұруды дәстүрге айналдырсақ деген ойын айтты.

«Ел іші – өнер кеніші» деген осы! Қорыта айтқанда, бұл көрме жанымызда жүрген көп таланттардың жолын ашып, көрмей жүргендердің көзін ашты.

Кейінгі ұрпаққа сан ғасырлық тарихы бар зергерлік, ұсталық өнерімізді көрсету, насихаттау, оны қастерлей білуге үйрету елінің ертеңін ойлайтын әркімнің міндеті десек те артық емес.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.