Ұлттық аспапта ойнаушылар сайысы

«Жас талант – 2011» деген атпен бейсенбі күні қаламыздағы балалар өнер мектебінде домбырашылар мен қобызшылар сайысы өткен болатын. Сайысқа Сәтбаев қаласы мен Весовая елді мекенінен келген өнерпаздар қатысып, бақ сынасты. Қазылар алқасының құрамында балалар өнер мектебі директорының әдістеме жөніндегі орынбасары Ж.Амралинова, халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Ш.Апаканова және домбыра пәнінің мұғалімі Г.Халықова болды.Жалпы сайысқа кіші және жоғары топ болып бөлінген 30-дан астам оқушылар қатысты. Олардың әрқайсысы атақты күйшілер Құрманғазының, Тәттімбеттің шығармаларынан екі күй орындады. Балаларының өнерлерін тамашалауға келген ата-аналар да өз тараптарынан қол соғып, сайыскерлерді қолдап отырды.

Сонымен, бірнеше сағатқа созылған сайыстың қорытындысы бойынша кіші топта І орынды – А.Ескендірова, А.Шылмурзин, Б.Жанабергенов, ІІ орынды – Б.Ахмет, А.Мұқашева, И.Ененко, ІІІ орынды – Б.Қозы-көрпеш, А.Ахмедия иеленді. Ал, жоғары топта І орынды – М.Өтеш, А.Сламғазы, ІІ орынды – М.Лабакова, А.Абылқасымова, Е.Сұлтанғали, ІІІ орынды – Д.Сейтжанов, А.Исаева, М.Сүлейменов, И.Боранбаев иеленді.

Қалған оқушылар «Өнер шуағы» және «Үкілі үміт» номинациялары бойынша марапатталды. Сонымен қатар, жас өнерпаздардың барлығына дерлік сайысты ұйымдастырушы балалар өнер мектебі атынан естелікке сыйлықтар табыс етілді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.