Жастар таза жағалау үшін

20150529-12-2Қоршаған ортаны қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Дәл осындай мақсатпен Сәтбаев қаласының жастары «Таза жағалау» акциясын ұйымдастырды. Игі шараға орта және кәсіптік білім беретін оқу орындары мен колледж студенттері атсалысты.

Саймандарын сайлап келген оқушылар өзен жағалауын түрлі тұрмыс қалдықтарынан тазартып, қас-қағым сәтте қапшықтарын қоқысқа толтырып жатты. Бұл жұмыстың ұйымдастырылуына ықпал еткен Қарағанды су қоймалары басқармасының бас маманы Әзімбай Әлішев:

– Алдағы уақытта акцияға белсене атсалысқан тұрғындар мен мектеп ұжымдарын марапаттап, ықылас білдіру жоспарда бар. Басты мақсат – қоршаған ортаны қорғауға жастарды тәрбиелеу. Су тоғандарын тазарту – үлкен мәселе. Көл түбін аулар мен қамыстан тазалау алдағы уақыттың еншісінде. Бұл ретте қаржы жағының жетімсіздігі де қолбайлау болып отыр. Ал, су астында қалған ауларға балықтар түсіп қалады. Бұл балық санының азаюына апарып соғады. Сондықтан, қойманың түбін қоқыс қалдықтарынан түбегейлі тазарту қажеттігі туындауда, – деген ол жастарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.