КҮЙІ мен СӘНІ, БИІ мен ӘНІ келіскен

20150529-12-1Биыл 15 жылдық мерейлі тойын атап өткен Оқушылар сарайының ұжымы – өнерлі балғындардың бағбанына айналған білім ошағы. Мыңнан аса тәрбиеленушіні қосымша білім нәрімен сусындатып, жан-жақты шығармашылық тұлға қалыптастыруда сарай ұстаздарының еңбегі орасан.

Өткен сәрсенбі күні Оқушылар сарайының ұстаздары мен шәкірттері тағы бір оқу жылын сәтті аяқтап, «Өнерлі балдәурен-2015» жылдық есеп беру қортынды концертін ұйымдастырды. Тоғыз ай ішінде мұндағы жас өнерпаздар сарайдың атын тек қала, облыс деңгейіне әйгілеп қана қойған жоқ, ұстаздарының үмітін ақтап республикалық әр алуан додаларда жүйрік атанып, бәйге алды.

Есеп беру концертінің шымылдығын «Балдәурен» ансамблі «Қос алқа» күйімен ашты. Вокал, «Домбыра», «Гитара сазы» үйірмелерінің тәрбиеленушілері дәстүрлі және заманауи эстрадалық бағытта әндер орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Ежелгі Тараз», «Ақжелең» күйлерін күмбірлете төккен күйішілердің өнері, халық биі «Сылдырмақты», жаңа үлгідегі «Жаяу» атты би қойылымы мен ұйғыр халқының ұлттық билерін мың бұрала билеген бишілер кештің ажарын ашты.

Сән әлеміндегі соңғы үлгілерді көрсеткен ару қыздарымыздың киімдері көздің жауын алып жатты. «Драма» үйірмесінің кішкентай балақандары «Айлакер мысық», «Ормандағы үйшік» қойылымдары арқылы өздерінің әртістік қарым-қабілеттерін байқатты.

Ал, ағылшын тілі үйірмесінің тәрбиеленушілері көрерменге ұсынған «Жеті лақ» және «Үш аю» ертегісінен олардың ағылшын тілін қосымша білім беру мекемесінде жақсы меңгеріп жүргендіктерін байқатты.

Поэзия әлеміне бетбұрыс жасап, ақындық қабілеттерін ұштап жүрген «Жас ақын» және «Әдебиет әлемі» үйірмелерінің оқушылары өздерінің жыр жауһарларын тарту етті.

Әні мен сәні, би мен күйі келіскен іс-шараның соңы Гюзель Жараспаеваның орындауындағы «Жерім менің» әнімен түйінделді.

Сарай басшысы Гүлнар Сансызбаева оқу үрдісі кезінде жан-жақтылығымен көзге түскен балғындарға және олардың ата-аналарына алғысын білдірді.

Сөйтіп, Оқушылар сарайы тоғыз айды толайым табыстармен аяқтады.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.