Біз сендерді мақтан етеміз!

Оқу жылының соңында қала мектептерінде белсенді оқушылар мен тәлімді мұғалімдерді ұлықтау мақсатындағы үздіктер слеті дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Жалпы білім беретін Ыбырай Алтынсарин атындағы №19 қазақ орта мектебінде өткен үздіктер слеті оқу озаттарына арналды. Жетістіктер мен жақсылықтар паш етілген жиын жыл бойына талмай тәрбие беріп, біліммен сусындатқан ұстаздар мен ата-аналар еңбегінің маңыздылығын танытқандай болды.

Білім ордасындағы 919 оқушының 165-і «Үздік» деп танылғандар қатарында. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Айгүл Күлшекенова қатысқан салтанатты жиында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қызметіне және қаланың саяси өміріне белсене араласқан мұғалімдер мен оқушылар марапатталды. Мектеп хореграфы Татьяна Суркова қала мәдениетінің өркендеуіне үлесін қосқан сынып жетекшілерінің бір тобына «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мен қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Мақтау қағаздарын табыс етті. Сонымен қатар, топтық сайыстарда жүлделі орын алған және жекелей табыстарға жеткендер де назардан тыс қалмады. Олардың қатарында Айсұлу Смайылова, Жасұлан Бөлекбай, Айдана Искакова, Нұрасыл Қазыбек, Арман Совет, Асыл Рахмет, Ерсұлтан Олжабай бар.

– Биылғы оқу жылында мектеп бойынша екі жүзге тарта оқушы білім деңгейлерінің жоғары екендіктерін көрсетті. әртүрлі деңгейдегі білім сайыстары мен спорт жарыстары, өнер байқауларында топ жарғандардың қатары көп. Әрине, мұның бәрі ұстаз еңбегінің арқасы. Дарынды да білімді шәкірттерді тәрбиелеген мұғалімдер мен ата-аналардың бір тобына өз атымнан Алғыс жариялаймын, – деді мектеп директоры Алма Аманова.

Шашасына шаң жұқтырмай, көптің арасынан суырылып шығып, сындарлы сынақтардан сүрінбей өткендер сахна төріне шақырылып, құрметке бөленді. Екінші «а», бесінші «а», сегізінші «а» сыныптары «Үздік сынып» номинациясы мен арнайы табыс жалаушасына ие болды. Мектеп ұжымының қалалық деңгейде өткен іс-шаралардағы белсенділігі мен жетістігі тілге тиек етіліп, интернет-олимпиадаларда жеңіске жеткен мұғалімдер де ұлықталды. Республикалық, облыстық интеллектуалдық олимпиадаларда білім ордасының абыройын асқақтатқан Аружан Тілемісова, Нұрсұлтан Серік, Ақерке Болатова «Алтын бала-2015» атанды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.