«Рухы азат қазақ елін көргім келеді»

20150605-06-1Құрметті газет оқырмандары, бүгінгі «Дін және біз» айдарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызының 21 мамыр E-islam.kz сайтына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Жақында Сәтбаев қаласында дүбірлі іс-шара өткізгендеріңізден әлеуметтік желілер арқылы хабардар болдық. Шараның мән-жайын тарата айтып берсеңіз.

– Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында 13-15 мамыр аралығында «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту және ішкі тұрақтылық мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және осы тақырыпта мемлекеттік қызметкерлерге, дін қызметкерлеріне, ақпараттық-насихат топтарының мүшелеріне, «Дінтану негіздері» мұғалімдеріне арналған үш күндік семинар өткіздік.

Семинар жұмысы конференциядан бұрын басталған болатын. Біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының алты бірдей қызметкері кезек-кезегімен әртүрлі тақырыптарда дәрістер оқып, бір мезгілде фокус-топтық талдау жұмыстары мен сауалнамалар, сұхбаттар жүргізіп отырды. Осындай шаралар іргелес Жезқазған қаласында да қатар жүргізілді.

Осы шаралардың әсерлі әрі мазмұнды болғандығының нәтижесі болса керек, соңғы күнгі конференцияға келушілер саны өте көп болды. 400 адамдық зал лық толып, сыймай қалған қаншама халық есік алдында иін тіресіп тұрды. Сөйлеушілердің лебізін осынша ыстық ықыласпен қабылдап, ұзақ қол соққан аудиторияны мен бұған дейін көрген жоқпын. Сәтбаевтағы сапар біздің орталық қызметінің мәртебелі бір сатысы болды. Мамандарымыздың өскенін, бейнетіміздің зейнетін ел көре бастағанын тағы бір сезініп, марқайып қайттық.

– Қандай өзекті тақырыптар сөз болды?

– Әрбір іс-шара өзінше бір мазмұндық тұтастықпен өріледі ғой. Семинар жұмысының кіріспе тақырыбы зайырлы мемлекет заңнамасынан, зайырлылық қағидаттары және дін арақатынасы мәселелерінен басталды.

Негізгі бөлімінде қазіргі еліміздегі діни ахуалдың жай-күйі, негізгі даму үрдістері, Қазақстандағы дәстүрлі діндердің дүниетанымдық қырлары, соның ішінде исламдағы ханафи мазхабының елімізде таралу ерекшеліктері, Матуриди ақидасының қазақ дүниетанымындағы орны, Қазақстандағы діни-ұлттық бірегейлену, дін және дәстүр сұхбаты мәселелері, діни және дінтанулық білімнің жай-күйі, дәстүрлі емес діни бірлестіктердің қызметі, теріс пиғылды және тіркелмеген діни ағымдардың іс-әрекеті мен зардаптары, діни экстремизм мен терроризм идеологиясының ұлттық қауіпсіздікке қатері сынды өзекті тақырыптар жан-жақты талданды.

– Осындай айтулы шараны шалғайдағы Сәтбаев өңірінде өткізулеріңізге не себеп болды?

– Сәтбаев қаласындағы Дін мәселелері жөніндегі орталықтың басшысы З.Қиянова ақпан айында біздің орталыққа арнайы сапарлап келіп, бірлескен іс-шаралар өткізу жайын кең отырып кеңескен едік. Семинар өткізу бастамасы сол кісінің тарапынан туындады.

Ал кешенді шараға «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту және ішкі тұрақтылық мәселелері» деген атты өзіміз қойып, бағдарламасын жасақтап, сәтті күні жүзеге де асырдық. Атап айту керек, дәл осы атпен еліміздің барлық өңірлерінде іс-шаралар циклін өткізуді жоспарлап отырған болатынбыз. Оның кешегі үш жүздің басын қосқан Сарыарқаның сайын даласынан, қасиетті Ұлытау өлкесімен ұласып жатқан өңірден бастау алуын жақсылыққа жорыдық. «Дінге қызмет – елге қызмет», «Халыққа қызмет – Хаққа қызмет» деп түйсінген ұлттың ұланы болған соң әрбір істен ізгі нәтиже күтуге бейімбіз ғой.

Ендігі бағытымыз – Оңтүстік пен Батыс өңірлер. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы іс-шаралар басталып та кетті, ал Батысқа жол тартуды жаңа айға жоспарлап отырмыз.

– Осы орайда өзіңіз басқаратын орталықтың қызметімен толығырақ таныстырудың реті келген тәрізді…

– Біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы 2007 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Дін саласындағы іргелі зерттеулер, діни ахуал мониторингі, дінтану сараптамасы осы орталықта жүргізіледі. Дін мәселелеріне, діни бірлестіктер қызметіне, діни білім мен дінтану сараптамасына қатысты ақпараттық-анықтамалық және әдістемелік материалдар, зерттеу еңбектері, талдау жұмыстары жасалады.

Республика бойынша дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-насихат топтарының жұмыстарына тікелей қатысу және әдістемелік көмек көрсету де біздің орталықтың міндетіне жатады. Көптеген мемлекеттік мекемелерде діни ахуалдың өзекті мәселелеріне қатысты дәрістер оқу, оқыту семинарлары мен түрлі пішімдегі іс-шаралар ұйымдастыру, соның ішінде жастар мен әйелдер аудиториясына қатысты мақсатты жұмыстар жүргізу орталық жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.

Сонымен қатар, ресми сайтымыз бен әлеуметтік желілерде ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Жоғарыда аталған бағыттар бойынша көптеген басылымдар әзірлеп, аумақтық Дін істері басқармалары арқылы ел көлеміне таратамыз. Сол еңбектердің ішінен әсіресе өткен жылы екі тілде әзірленіп, жарық көрген «Дінтанушы-сарапшының үстел кітабын», «Дінтану негіздері» пәнінің оқытушыларына арналған қосымша құралды, «Дінтанулық зерттеулер» жинағын және «Имамға көмекші» үстел кітабын ерекше атар едім.

– Жаңа жобаларыңыз жайлы бірер сөз…

– Өткен жылы орталықтың ресми сайтын қайта жасақтап, «Біздің жоба: Дін және дәстүр» деген айдар ашып, толықтырдық. «Дін саласындағы өзекті мәселелер жөніндегі 20 сұрақ-жауап» сериясымен «Дін және дәстүр», «Дін және қоғам» тақырыптарында екі жинақ құрастырылып, орталық сайтына орналастырылды және барлық өңірлерге таратылды. Атап айту қажет, бұл жинақты құрастыруда «E-islam» ақпараттық-ағартушылық порталына келіп түскен сауалдар негізге алынды. Жинақ жұмысына орталық мамандарымен қатар аталмыш портал қызметкерлері мен білікті дінтанушы ғалымдар да атсалысты.

Үстіміздегі жылы Қазақ радиосында «Дәстүрлі құндылықтар» атты арнайы хабарды эфирге шығара бастадық. Біздің бастамамызбен шығатын екі тілдегі «Дінтану» онлайн-журналы келер айда тұсауын кеспек.

«Қазақстан дінтанушылары» атты арнайы каталог құрастыру ойымызда бар. Діни ахуалды тікелей зерделеу мақсатында еліміздің барлық аймақтарына жаппай іссапарлар ұйымдастыруды да жүзеге асырудамыз. Дінтану кафедраларына арналған ақпараттық-танымдық жинақ әзірлеудеміз.

Мұның барлығы – жоғарыда санамаланған негізгі жұмыс бағыттарынан тыс өз бастамамызбен жасалып жатқан қосымша дүниелер.

– Сөз соңында Сәтбаевта өткен шараға оралғым келеді. Конференцияда сөйлеген сөзіңізде ақсақалдарға базына ретінде біраз лебіз білдіріпсіз. Бұл мәселеге назар аударуыңызға не себеп болды?

– «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» дейді Мұхтар Әуезов. Артқы жасқа тәлімімен ғана емес, тұлғасымен де өнеге болатын алдыңғы буын ағалар елдіктің ерен үлгісін көрсетіп, ынтымаққа ұйытудың орнына «бас-басына би болған өңкей қиқым» секілденіп, рушылдық пен жершілдіктің дертінен айыға алмай жатса, ел аузынан дуа кеткені емей немене?

Артқы жасқа қашанда алдыңғы буынның өнегесі қашанда керек. Біздің буын талайлы кезеңге тап келіп, табан жолын өзі іздеп табуға көбірек мәжбүр болды. Біреу маңдайымыздан қашан сипайды деп жүргенде, өзіміз өзгенің маңдайынан сипайтын жасқа келіп қалдық…

Рас, көкірегімізді құндылыққа толтырған көркем әдебиет пен ел аузындағы есті сөзден кемдік көрген жоқпыз. Бірақ, біздің алдымыздағы, біз өкшесін басып келе жатқан буын өтпелі кезең тауқыметімен ұрпақ тәрбиесінен гөрі нарық қыспағын еңсеруге көбірек алаңдады. Оқудай оқып, тоқудай тоқуға тырысқанымызбен, «Тайбурылдың қырық үш күн кемдігі» секілді аталы сөзге қанбай қалған құмардың, толмай қалған тәлімнің, көрмей қалған көрегенділіктің орны олқы соғып тұрады. Ақ сақалды қария мен ақ жаулықты ана көрсек, біз іздеген бір жоқтың орны толар ма екен деп әлі күнге жаутаң-жаутаң қараймыз…

Мүмкін мұндай жағдай барлық буынның басында болатын шығар. Осыдан тоғыз ғасыр бұрын жазылған «Ақиқат сыйында» Ахмет Йүгінеки:

«Дүние бір керуен

сарай-ды,

Бар жұрағат содан тарайды.

Алдыңғы толқын өтіп кетіп,

Артқы толқын соған қарайды»

деп айтып өткен ғой…

– Осы ойлардың ағынымен қорытынды сұрақ орнына сізге көптен көкейде жүрген кейбір сауалдарымды қойсам деймін. Рұқсат болса…

– Әрине.

– Өмірлік іс-тәжірибеңіз тек мемлекеттік мекемелермен байланысты болған екен. Мемлекеттік қызметтегі ең күрделі мәселе деп нені айтар едіңіз?

– Әр істі өзінің маманы атқармауынан және әр іске жанашырлық болмауынан асқан күрделі мәселе жоқ.

– Осынша мол жұмыстар атқарудасыз. Оптимиссіз бе?

– Жоқ. Мүлде.

– Неден үміт етесіз?

– Ғайыптан.

– Неге?

– Не ниетімізбен, не әрекетімізбен нығметке лайықпыз деп ойламаймын.

– Ел ретінде ме, жеке тұлға ретінде ме?

– Менің «менім» мен «бізімнің» айырмашылығы жоқ.

– Нені аңсайсыз?

– Сайын даланы, ай мен күнді.

– Не нәрсеге қуанасыз?

– Өмірдің өткіншілігіне.

– Неге алаңдайсыз?

– Рухани тәуелді ел болу қаупіне.

– Нені арман етесіз?

– Рухы азат Қазақ елін көруді арман етемін…

Сұхбаттасқан: Шарафат Рысбайқызы.

Еліміздегі білікті дінтанушы маманның сұхбаты сайттан ықшамдалып алынды.

Комментарии закрыты.