Жетістік еңбекпен келеді

20150605-04-3Жуырда №5 «Нұрбөбек» балабақшасында мекеме басшысы Ж.Жаппасованың «Жетістікке жету тарихы» деген атаумен шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Атап өтейік, бүгінде Қарағанды облысында саясаткер әйелдер клубы құрылып, оның негізінде аудан-қалаларда әйелдердің саяси көшбасшылық мектептері ашылуда. Осындай мектеп Сәтбаев қаласында да құрылып, оның жұмыс жоспарына сай түрлі іс-шаралар өтуде. «Нұрбөбек» балабақшасында өткен шеберлік сағаты – осы іс-шаралар аясында ұйымдастырылып отырған жоба.

Шеберлік сағатында ұстаздың еңбек жолына, өміріне шолу жасалды. Қаламыздағы қарашаңырақ №27 орта мектебінде 1980 жылдары қарапайым ұстаз болып қызметін бастаған Жамалхия Қабденқызы кейін «Дошкольник» ЖМ мекемесінде әдіскер, №36 балабақшаның директоры болып еңбек етті. 2009 жылдан бері «Нұрбөбек» балабақшасын басқарып жемісті еңбек етіп келеді. Білім беру және ұрпақ тәрбиесіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін білімді ұстаз, білікті басшының омырауында бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі жарқырайды.

Ж.Жаппасова басқарып отырған балабақша ұжымы қаламыздағы ең үздік балабақшалардың санатынан. Бүгінде 320 бала тәрбиеленіп отырған ұйымда гуманитарлық-эстетикалық бағытта тәрбие беріліп, «Жас лингвист», «Дені сау бөбек», «Балаға мейірімді балабақша» жобалары сәтті жүзеге асырылуда. Мұндағы тәрбиеленушілер қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйреніп қана қоймай, бірнеше рет қалалық, облыстық өнер және тіл байқауларында топ жарып, биіктен көрініп жүр.

Іс-шара барысында Ж.Қабденқызы жас мамандар алдында ұстаздық тәжірибесімен бөлісіп, еңбек жолында жетістікке жетудің қыр-сыры жайында кеңінен әңгімеледі. Жалпы, Ж.Жаппасованың отбасы – өңірімізге танымал ұстаздар әулеті. Жамалқияның әкесі Қабден Шыңғысов бар саналы ғұмырын халық ағарту ісіне арнаған ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері. Жезқазған қаласындағы №5 орта мектеп Қ.Шыңғысовтың есімімен аталады. Кейіпкеріміздің анасы да талай жылдар бойы бастауыш сыныптың мұғалімі болып қызмет еткен. Бүгінде Жамалхияның қызы Гүлмира да ана жолын қуып, Абай атындағы №4 мектеп-лицейді басқарып отыр. – Адал еңбегімнің арқасында ғана бүгін беделді басшы, асыл жар, аяулы ана, қамқор әже атанып отырмын. Сондықтан да жетістіке жетудің бір ғана жолы бар, ол – еңбек, – деп шеберлік сағатын түйіндеген кейіпкеріміз, жас мамандар тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға да жауап берді. Шеберлік сағатында сөз алған қала әкімінің кеңесшісі, Сәтбаев қалалық әйелдердің саяси көшбасшылық мектебінің төрайымы М.Мәдиева, Ж.Жаппасованың табандылығы, кәсібилігі, ұстаздық шеберліктері турасында өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ, саяси көшбасшылық мектебінің атынан гүл шоқтарын және естелік сыйлық табыстады.

Жезқазған қалалық әйелдердің саяси көшбасшылық мектебінің төрайымы Ә.Искакова, Ж.Жаппасованың шәкірттерінің бірі, №36 балабақша директоры Н.Сүйінбаева да Ж.Қабденқызы туралы ой-пікірлерін ортаға салып, оның бойындағы көшбасшы әйелдерге тән барлық қасиеттер жас мамандарға үлгі-өнеге болатынын айтып өтті.

Тәжірибе алмасуға, жас мамандарға практикалық білім беруде маңызы зор болған шеберлік сағаты балабақша бүлдіршіндерінің әсем ән және көңілді билерімен жалғасын тапты.

Айым Бектас.

Комментарии закрыты.