Ұлтқа төнген нәубет

20150605-02-1Тарлан тарихты парақтасаңыз, қазақ ұлтының маңдайына жазылған небір нәубетті жылдарды бастан кешіргенін оқисыз. Бодандықтың езгісінде жүріп, азаттықты аңсаған Алаш баласын Кеңестік қоғамның оғы қыршынынан қиғаны да тарихи ақиқат. 1931-37 жылдардағы ашаршылық, жер аудару, ұлттың зиялы қауым өкілдерін «халық жауы» деп ату жазасына кесуі қазақтың қаралы жылдары болды.

Арада 70 жыл өткен соң жазықсыз жапа шегіп, құрбан болғандарды ақтау үрдісі белең алды. Сөйтіп, тарихи тұлғалар есімі қайта жаңғырды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы Жарлығына сәйкес, еліміз-де 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Содан бері еліміз бұл күні қасіретті жылдардың құрбандарын еске алып келеді.

Ұлтқа төнген ұлы нәубетте опат болғандарды еске алуға арналған митингі «Тәуелсіздік» саяжолында өтті. Жиналған көпшілік жазықсыз жазаланған жандардың рухына бас иіп, бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Митинг барысында қала әкімінің міндетін атқарушы Серік Имамбай, қаланың Құрметті азаматы Яхия Асатов, нәубетті жылдарда қазақ жеріне қоныс аударылған ұлт өкілдерінің атынан Роман Кенс, корей этно-мәдени орталығының жетекшісі Эльза Цхай сөз алып, зұлматты жылдардың қоғамға, адам тағдырына қатты әсер бергендігін жеткізді.

Үгіт-насихат тобының әдеби-музыкалық қойылымымен түйінделген жиыннан қала жұртшылығы «егеменді елдің көгінде қалықтаған қыран құс мәңгілік еркін самғап ұшсын» деген тілекпен тарқасты.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.