«ЖАСЫЛ ЕЛ» жұмысқа кірісті

Осыдан он жыл бұрын, яғни 2005 жылы Елбасының бастамасымен өмірге келген жастардың «Жасыл ел» жұмыс жасағы елімізде қоршаған орта мен табиғат байлықтарын қорғау, аймақтардың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Бұл игі бастама кеншілер қаласы жастарының тарапынан да кең қолдау тапқан. Биыл осы еңбек жасақтары өзінің 11-шы маусымын ашып отыр.

Сынақты сәтті тапсырып, демалысқа шыққан студенттер мен мектеп оқушылары енді қол қусырып отырмайды. Бастысы, олар осы үш айда маңдай термен еңбекақы тауып, өздерін қаржылай қамтамасыз ете алатын болады. Екі қолға бір күрек тапқан студенттер мен оқушылардың саны биыл 220-ға жетіп отыр. Өткен жылы «Жасыл елде» 200 бала еңбек етіп, нәпақа тапқан болатын.

«Жасыл ел» жұмыс жасағының бірінші маусымын қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш ашып, жасақ жауынгерлеріне сәттілік тіледі.

– Бұл істің үш басты тиімділігі бар. Біріншіден, сіздер бос уақыттарыңызды тиімді өткізесіздер. Екіншіден, қаламыздың сәулетін арттырып, экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосасыздар. Үшіншісі, өз маңдай терлеріңізбен ақша тауып, бейнеттің зейнетін көресіңдер, – дей келіп, Қанат Жәнділдаұлы «Жасыл ел» туын биылғы маусымның жас сарбазы Сәруар Мадиярға салтанатты түрде табыс етті.

Маусымның ашылу салтанатында сондай-ақ, қаламыздағы «Тазалық-2020» ЖШС-ның мемлекеттік сатып алу бойынша маманы Айжан Саскеева сөз сөйлеп, жасақ жауынгерлерін бірінші маусымда атқаратын жұмыстарымен таныстырды.

Жалпы, «Жасыл ел» жұмыс жасағында бірінші маусымда 90 бала, екінші маусымда 90 бала, ал, үшінші маусымда 40 бала жұмыс істейтін болады. Олар негізінен аулаларды абаттандыру, жасыл желектерді суару, күтіп, баптау, арам шөптерді жұлу сынды жұмыстармен айналысады.

Бірінші маусымның ашылу салтанатынан соң жасақ жауынгерлері «Балалық шақ» балалар алаңына ағаш отырғызды. Олар маусым бойы осы көкжелекті күтіп баптайтын да болады.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.