Мемлекеттік тілмен – болашаққа

Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығын атап өтуге байланысты іс-шараның бірі – Жезқазған кентіндегі отбасы үлгісіндегі «Балалық шақ» балалар үйінде өткен «Мемлекеттік тілмен балалық шақтан – болашаққа» атты фестиваль.

Бұл фестивальда «Балалық шақ» балалар үйі мен «Мерей» балалар үйінің өзге ұлт өкілдерінің балалары мемлекеттік тілде өнер көрсетті.Фестивальға «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, мәдениет және тілдері дамыту бөлімінің басшысы Г.Есмұрзаева, қалалық соттың бас маманы А.Жауенова қонақ ретінде қатысты. Өнер фестивалін «Балалық шақ» балалар үйінің домбыра оркестрі «Балбырауын» күйімен ашты. Гүлсім Есмұрзаева фестивальдің мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қазақ тілі – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі екенін жақсы түсінген өзге ұлт өкілдерінің балалары бар өнерлерін салып бақты.

Ел, Отан, Қазақстан туралы өлеңдер оқылып, әндер шырқалып, қазақ билері биленді. Домбыра ойнауды еркін меңгерген өзге ұлт балалары «Көңіл толқыны», «Тепен көк», «Адай» т.б. күйлерді бабына келтіре орындады.

«Мерей» балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құралған «Мерей» КТК тобы қазақы қалжыңдарын ортаға салды. Фестивальға қатысқан әр бала мемлекеттік тілді меңгерумен қатар, қазақ өнеріне деген құлшыныстарының ерекше екендіктерін байқатты.
Фестиваль соңында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Г.Шахманова бір топ тәрбиешілерді Алғыс хатпен марапаттап, фестивальға қатысқан балаларға сыйлығын тапсырды. Қалалық соттың бас маманы А.Жауенова да ала келген сыйлықтарын таратты. «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Д.Төлегенов «Балалық шақ» балалар үйінің тізгінін қолына алып жатқан А.Әбеновке «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев филиалы атынан Алғыс хат тапсырып, балаларға сый-сияпаттарын ұсынды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.