Өмірдің ажары мен базары болған

20150605-12-1Балаларды сүйіп, мәпелеп өсіруді қазақ халқы өмірдің мәні мен мағынасына балаған. «Бала – бауыр етің», «Балалы үй ­– базар, баласыз үй – қу мазар» деп соңынан ерген ұрпағын байлығы санаған. Хакім Абай да «Адамның бір қызығы – бала деген» деп өсиет қалдырған. Себебі, балалар – біздің болашағымыз.

Еліміздің ертеңі саналатын ұрпақтың төл мерекесі – Балаларды қорғаудың халықаралық күні де келіп жетті. Сәби күлкісі мен балдырғандардың былдырына толы ерекше күн 1949 жылдың қараша айында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер Федерациясының арнайы сессиясында мереке ретінде қабылданды. БҰҰ бұл бастаманы қолдай отырып, бала құқығын, өмірін және денсаулығын қорғауды өз қызметінің басым бағыты деп жариялады.

Жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімді мереке Сәтбаев қаласында кеңінен аталып өтті. Адамзаттың бәріне ортақ ізгі шарада айналайын алтын күн де ерекше мейірін төгіп, көк аспан бала көңіліндей тұнып, Кеншілер алаңы бүлдіршіндердің шаттық күлкісіне толды. Оқушылар сарайы мен өнер мектебі дайындаған «Біз – қазақ елінің болашағымыз» ертеңгілігімен бастау алған шараға қатысушылардың көптігі оның мәні мен мазмұнын аша түскендей. Балалар мерекесін ертегі кейіпкерлерінсіз елестету мүмкін емес. Жан-жануар, сайқымазақ клоундар қатысқан театрландырылған қойылым думанның көрігін қыздырып, сәнін кіргізді. Шуақты да жарқын сәтте балалық шақтың қызығын арттырып, ән шалқып, күй төгілді. Мың бұралған бишілер ұлттық нақыштағы билермен сахна төрінде өрнек салды.

Балаларды қала әкімінің міндетін атқарушы Серік Имамбай құттықтап:

– Бала – өмірдің гүлі. Отбасының базары мен ажары. Елімізде соңғы уақытта сәбилердің саны артуда. Оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Тәуелсіз еліміздің келешегі өскелең ұрпақ болса, олардың бақытты балалық шағы, білім алуы, тәлімі мен тәрбиесі – біздің жауапкершілігіміздегі іс. Осы бүлдіршіндер саналы азамат, тәрбиелі де білімді бозбала мен бойжеткен болып ержетіп, қаламыздың мақтанышына, еліміздің еңсесін биіктетер ертеңі боларына сенім мол, – деп ізгі лебізін білдірді.

– Бізбен бірге бар әлем,

Қуанады балаша.

Қуанышқа бөлеген,

Өмір қандай тамаша! – деп тақпақтатқан өрендер қолдарынан келген өнерлерін паш етуге тырысып, түрлі тақырыпта сурет салып, караокеде ән шырқады.

– Менің картинам «Бақытты балалық шақ» деп аталады. Әлемдегі барлық балалардың бақытты екендігін көрсеткім келді, – дейді шараның белсенді қатысушысы Еркеназ Есмағанбетова.

Әсіресе, «Даму» дизаин студиясы дизайнерлерінің қызметіне деген балғындардың сұранысы жоғары болды. Беті-қолдарына айшықталып қондырған түрлі-түсті ою-өрнек көңілдерін көншітті. Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлері ұсынған балалар әдебиетінен тұратын кітап көрмесі балғындардың үлкен қызығушылығын туғызды.

«Достығымыз жарасқан» тақырыбындағы асфальтқа сурет салу байқауы да тартысты өтті. Қала мектептері арасында жалпы білім беретін №14 мектеп үшінші, №25 мектеп екінші орындарды иеленсе, Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздардың барлығына «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы мен білім бөлімінің мақтау қағаздары мен заттай сыйлықтары табыс етілді. «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы мен білім бөлімінің балаларға деген базарлығы мұнымен бітпеді. Мың жарым қадақ тегін балмұздақ таратылып, әдемі көңілдің күйін одан әрі көтере түсті.

– Ұрпақты ұлттың жалғасы деп қараған бабаларымыз өзге жұрттан ұрпақ тәрбиесіне деген ынта-ықыласы мен ниеті арқылы оқ бойы озық тұр. Алаштың ақиық ақыны Мағжан да «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай исең, солай өседі» деген. Атам қазақ сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнімен әлдилеп, ертегісімен елітіп, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырған. Ел қорғаған батырды, сал-сері мен ақындарды өнеге еткен. Міне, осындай даналықты бойына сіңіріп өскен балаларымыздың ұлттық намысы жоғары, көргенді де көпшіл болары сөзсіз, – дейді көп балалы ана Сәруар Ыдырысова.

Кеншілер алаңындағы думанды ойын-сауық мұнымен біткен жоқ. Көпшілік серуенде балдырғандар батутта асыр салып, арғымаққа мініп, кішкене машиналарды жүргізіп, «Фиксики», «Соку, соку» секілді би ойындарына қатысты. Кәсіпкерлер де қарап қалмай, ойын аттракциондарының қызметін тегін ұсынып, мерекенің көңілді өтуіне атсалысты.

Дәл осы күні ғана балаларға назар аударған жеткіліксіз. Олардың болашағы жарқын болуы үшін жылдар бойы талмай жұмыс істеу қажет. Осының бір жарқын үлгісі жақында жүзеге асырылатын бірқатар шараларда көрініс таппақ. Жайдары жаздың ұзақ демалысында Сәтбаев қаласында он бес сауықтыру алаңдары жұмыс істеп, алғашқы ауысымда 7-15 жас арасындағы 1045, екінші аусымда 1155 бала осы жерде уақыттарын қызықты өткізбек. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет пен білім бөлімінің кәсіподақ ұйымынан лагерьлерге жолдама үшін қаржы бөлініп, жүз елуден астам бала қала сыртында демалмақ.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.