Еңбекпен өрілген өмір

20150612-08-1«Егер артыңда елің айта жүретін титтей де болса бір ісің қалса, онда өміріңнің босқа өтпегені», деген екен орыстың бір ойшылы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, ішкі істер қызметінің ардагері, білім беру саласының белсенді қызметкері Баймұса Игенов артына кесек-кесек дүниелер қалаған азамат. Өзінің саналы ғұмырын қоғамдық тәртіпті сақтауға, жас жеткіншектерді патриоттық рухта тәрбиелеуге арнаған парасат, пайымы мол кесек тұлға.

Баймұса Әшентайұлы ел «Рудник» деп атап кеткен Жезқазған кентінде дүниеге келген екен. Бірақ балалық бал дәурені Малшыбай ауылында (Сарыкеңгір) өтіпті. Әкесі Әшентай Игенов осы ауылда ұзақ жыл ауылшаруашылығы саласында еңбек еткен тыл ардагері. Ал, анасы Алтынай Әлжанова 5 бала тәрбиелеген, қазақи ұстанымы мықты, зерделі жан болған екен. Небары 51 жыл ғана өмір сүріпті. Әйтсе де, сол қысқа ғұмырында балаларының бойына адамгершілік пен азаматтық қасиеттерді мейлінше мол сіңіре білген екен. Балаларының бүгінгідей белді де беделді азамат болып өсіп, қалыптасуы соның айғағы.

– Шынымды айтсам, менің милиция қызметкері болу ойымда жоқ еді. 1975 жылы Минск қаласында әскери борышымды өтеп елге оралғанымда, сол кездегі Никольский қалалық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөліміндегілер шақырып алып, қаланың қоғамдық тәртібін қадағалауға, тұрғындардың тыныштығын күзетуге мен сияқты жастардың қажет екенін айтты да, екі сөзге келместен жолдаманы қолыма ұстатып қалалық ішкі істер бөліміне жіберді, – дейді Баймұса аға өзінің алғашқы еңбек жолдары жайлы әңгімелей отырып.

«Жоқ, бармаймын» деп айтуға сенің құқың жоқ. Өйткені, сен «комсомол мүшесісің, сен партияның резервісің». Қалалық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөліміндегілер Баймұсаға сұқ саусағын шошайта тұрып осылай деді. Оның үстіне «Саған сенім артқан екен, оны абыроймен орындау борышың. Әйтпесе азаматтығыңа сын» деген бала жастан құлаққа сіңісті болған, тәрбие де Баймұсаны мойын бұрғызбады. Жолдаманы алып қалалық ішкі істер бөліміне келді.

– Ол кезде бөлім бастығы Сәтімбек Балтабеков болатын. Ол кісі де кең пішілген, парасат-пайымы мол жан екен. Сәкеңнің, әсіресе, жас мамандарға деген тәлімгерлік қамқорлығы мол болатын. Шағын ғана жасақталған милиция бөлімінде жас қаланың күнделікті тыныштығын сақтау, қылмысқа қарсы күресу, оған профилактикалық шаралар жүргізу белсенді түрде ұйымдастырылатын. Несін жасырайын, ол кезде қалада шартты жазаға тартылғандарға арналған арнайы мекеме болды да, қылмыс пен қоғамдық тәртіп шиеленісіп тұрған еді. Сондай алмағайып тұста бізге күн-түн демей қалада тәртіп орнату, әсіресе, қоғамдық орындарда тәртіпті бақылау, жергілікті халықпен байланыс орнатып, ерікті жасақшылар құру жұмыстары жүктелді. Жұмыс ауыр болды. Тұрғындар мен шартты жазаға кесілгендер арасында қақтығыстар жиі болып тұратын. Кісі өліміне дейінгі жағдайлар орын алып жатты. Сондай бір төбелес кезінде мен қолымнан ауыр жарақат алдым, – деп еске алады Баймұса Әшентайұлы.

Иә, 1980 жылдарда кеншілер қаласының криминагендік жағдайы өте ауыр болғанын ел жақсы біледі. Қалада кісі өлтіру, тонау, топталып төбелесу сияқты ауыр қылмыс түрлері жиілеп кеткен еді сол тұста. Осыған орай қалада құрамында үш милиция қызметкері бар жылжымалы милиция бекеті тұңғыш рет ашылды. Олар арнайы жабдықталған көлікпен көше-көшелерді аралап, қоғамдық тәртіпті сақтауда қырағылық танытты. Тәртіп бұзушылық орын алған жерлерге әп-сәтте жетіп, бұзақыларды құрықтауда жылжымалы бекеттің ықпалы зор болды. Баймұса Игенов те осы жаңа құрылымда біраз жыл қызмет етіп, қаланың қоғамдық тәртібін нығайтуға, қылмыстың алдын алуда тер төкті.

Жалпы, Баймұса Әшентайұлы ішкі істер саласында 1975 жылдан 1997 жылға дейін үзіліссіз қызмет етті. Қатардағы милиция қызметкерінен рота командиріне дейін көтерілді. Милиция майоры шенінде отставкаға шықты. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алудағы ұзақ жылғы жұмыстары жеміссіз де болған жоқ. Ең алғаш 1976 жылы «Милиция үздігі» төсбелгісімен марапатталғаны әлі есінде. Қызметке келгеніне бір жылдай ғана уақыт болғанда мұндай жоғары марапатқа ие болуы оны бұрынғыдан да бетер қанаттандыра түсті. Әрине, марапат әшейін берілген жоқ. Басшылар жас қызметкердің өз ісін мінсіз атқарып, қоғамдық тәртіпті күшейту мен қылмысты құрықтауға деген ынта-ықыласының зор екенін аңғарды.

Милиция ардагерінің омырауында жарқыраған ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін» төсбелгілері мен Министрліктің Құрмет грамоталары оның шын мәнінде мінсіз қызметтерінің өтеуі іспетті.

Баймұса Игенов ішкі істер саласынан зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Өзінің тағылымды тәжірибелерін жастарға үйретіп, еліміздің келешегі – жастарды тәрбиелеу ісіне де белсене араласты.

– 2000 жылы менің еңбекпен өрілген өмір жолдарымның жаңа кезеңдері басталды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова бірде мені шақырып алып, «Мерей» балалар үйінің директоры қызметін атқаруды ұсынды. Маған бұл сала аса таныс болмағанымен, ішкі істер бөлімінде жүргенімде көше кезген және тәртіп бұзған жасөспірімдермен жұмыс істеу тәжірибемде болған еді. Келісімімді бердім. Бір жағынан қатты қобалжыдым да. Балалар үйінің директоры болу оңай іс емес. Сондай істе де өзімді бір сынап көргім келді, – дейді Баймұса Әшентайұлы өзінің еңбек өмірінің екінші тынысы жайлы әңгімелей отырып.

Әрине, балалармен жұмыс істеу оңай емес. Оны ол жақсы түсінді. Және бұл істе түрлі «тосын сыйлардың» да болатынын ұқты. Сөйте тұра үлкен іске бел байлады. Қобалжығаны да рас. Әртүрлі себептермен ата-анасыз қалған, әркімнен қағажу көрген, көңілі жарым жас жеткіншектердің жан дүниесіне үңіле отырып, олардың әрқайсымен жеке дара жұмыс істей білді. Соның нәтижесінде ол балалардың сеніміне ие болды. Өзі әр ісімен оларға үлгі болуға тырысты. Әрине, оның бұл еңбегі де зая кеткен жоқ.

Екі мыңыншы жылдардың ортасына қарай балалар үйінде тәрбиеленушілердің саны екі есеге дейін өсіп, 75-80 балаға жетті. Сәтбаев қаласындағы бұрынғы балалар үйі таршылық еткен соң Баймұса Игенов қаланың сол кездегі әкімі Қанат Балмағамбетовке өтінішпен шығып, «Мерейді» Жезқазған поселкесіндегі үлкен ғимаратқа көшіруге қол жеткізді. Бұл жерде балалардың бос уақтында түрлі мәдени-көпшілік шаралармен, спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік болды. Соның нәтижесінде «Мерейліктердің» үлкен спорт додаларында топ жарып, мерейлерінің үстем болуына негіз қаланды.

…Бүгінде Баймұса Игенов Жезқазған қаласындағы Бизнес және көлік колледжінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді. Денсаулығына байланысты балалар үйін басқа кісіге тапсырған еді. Алайда, бала жастан еңбекпен есейіп, еңбекте бақытын тауып жүрген азамат үйде қарап отыра алмады. Үш жылдай «Қазақмыс» корпорациясының «Қорғау» қызметінде еңбек етті. Кейін колледжге ауысты.

Баймұса Әшентайұлы Сәтбаев қаласының да саяси-қоғамдық жұмыстарынан қалыс қалып жатқан жоқ. Әркім өз жерінің патриоты болуы керек деп жастарды тәрбиелеген жанның өзі де өз қаласының шынайы патриоты. 2004 жылдан 2014 жылға дейін қалалық сайлау комиссиясының белсенді мүшесі болып жұмыстар атқарды. Бірнеше мәрте қала әкімінің, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

– Еңбек пен өмір егіз. Сондықтан, еліме, туған жеріме аянбай еңбек сіңіру менің өмірлік қағидама айналған, – дейді Баймұса Игенов.

Иә, өмірі еңбекпен өрілген жанның шын сөзі бұл.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.