Ұлт тарихының жаршысына айналған тұлға

20150612-05-2Қазақтың ұлттық тарихын кезіндегі қылышынан қан тамған Кеңестік дәуірде дүйім жұртқа жария еткен жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ілияс Есенберлиннің туғанына биыл 100 жыл.

Тілді бұғаулап, ұлттық сананы өшірмек болған отаршылдық саясаттың салқынын көрсе де, Қазақ хандығының қалыптасып, даму тарихын терең ашып көрсеткен осы І.Есенберлин еді. «Көшпенділер» романында Керей мен Жәнібектен бастау алатын Қазақ хандығының тұтас шежіресін жазып кеткен І.Есенберлиннің мұрасы бүгінде ұрпақ игілігіне жарауда.

Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келген жазушының торқалы тойында оның тарихи мұралары қайта жаңғыруға түсті.

Жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтілгелі отырған мәшһүр жазушының тарихи шығармаларын халыққа кеңінен насихаттау, оның еңбектерін зерттеп, зерделеу, жас ұрпаққа өткен тарихта қазақты әлемге танытқан ұлы тұлға барын санаға сіңіру мақсатында қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада «І.Есенберлин және тарих» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Үш тұғырлы тіл саясатының негізінде жазушы мұраларын қазақ, орыс және ағылшын тілінде көпшілікке жеткізуді мақсат тұтқан конференцияға 17 баяндамашы қатысты. Тарих, қазақ, орыс, ағылшын тілдері пәндерінің мұғалімдерімен қатар, конференцияға арнайы Алматыдан Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ІІ курс студенті Айман Керімқұлова қатысты.

Баяндамашылар артына аңыз ерген тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығын, тарих сахнасындағы ұлы хандарды бейнелеудегі «Көшпенділер» романы мен өзге де туындылары хақында терең ой қозғады.

Екі жарым сағатқа созылған ғылыми-тәжірибелік конференцияның соңында барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталды.

Бір айта кетерлігі, конференцияда тыңдалған баяндамалар жеке жинақ болып, басылып шығады.

Ұлт тарихы тек ХХ ғасырда бастау алады деген жаңсақ пікірге том-том дәлелдемелерімен қасқая қарсы тұрған Ілияс Есенберлин мұраларының маңыздылығы әлі күнге дейін жойылған жоқ, жойылмайды да. Тәуелсіздік таңын аңсап кеткен сол асыл да ардақты жанды Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында дәріптеп жатсақ, тарихқа деген құрметіміз өзгелердің алдында одан әрі арта түсері даусыз.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.