Мемлекеттік бағдарламаның орындалысы талқыланды

2012-2020 жылдарға жоспарланған моноқалаларды дамытуға арналған бағдарламаның орындалу барысы сейсенбі күні қала әкімдігінде өткен аппараттық жиынның күн тәртібінде талқыланды.

Жиында экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Сәкеев бағдарлама жүзеге асырыла бастаған үш жылдың ішінде атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды. Атап өтейік, соңғы үш жылда қаламызға бағдарламаның екі негізгі бағыты бойынша 1 млрд. 592 млн.теңге бөлініп, 10 жоба жүзеге асырылды. Осы жобалар аясында қаламызда 11 балалар алаңы, 4 көпфункционалды корт, 11 қала көшелеріне жарықтандыру тіректері мен шамдар орнатылып, абаттандыру, көгалдандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бағытында аз жұмыс атқарылған жоқ. Сондай-ақ Кеншілер алаңы абаттандырылып, 9 көше мен 6 ауланың жолдары жаңғыртылды. №25,1,5 орта мектептері және № 1 «Ертегі» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Былтыр аталмыш бағдарлама бойынша қаламыздың негізгі көшелерінің бірі – Абай көшесінің автокөлік жолдары қайта қалыпқа келтірілді.

Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша жаңа өндірістерді дамыту үшін өз ісін ашқысы келген кәсіпкерлерге гранттар беріліп, несиелік сыйақы мөлшерлемесі субсидияланды.

Биылғы жылы да осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті бюджет есебінен жаңа өндірістер ашуға, шағын несие беруге, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, №4 мектеп- лицейді күрделі жөндеуден өткізуге, «Тағзым» мемориалдық кешенін орнатуға қаржы қарастырылып отыр. Табиғи бутанол және одан қосымша шығатын өнімдерді өндіретін бір ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Мемлекеттік бағдарламаның барысымен танысқан қала басшысы Әнуар Омар оны жүзеге асыру барысындағы кемшіліктерді де атап өтті. Мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржы алған кәсіпкерлер өз деңгейінде жұмыс істемей отырғанын алға тартқан қала басшысы оның себебі мен салдарын анықтап нақтылауды тапсырды. Кәсіпкерлерге берілген қаржының қалай игеріліп жатқаны да тиісті деңгейде қадағаланбайтынын сынға алып, бұл бағыттағы талапты күшейту қажеттілігіне тоқталды. Моноқалаларды дамыту бағдарламасының кәсіпкерлер үшін қолайлы әрі тиімді тұстарын кеңінен насихаттау, ауылшарауашылығын жүргізуге қолайлы кенді қаламызға инвестор тарту мәселесі бойынша да қала басшысы өз орынбасарлары мен бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.