Кәсіпкерлермен кездесті

20150612-02-3Өткен аптада арнайы іссапармен кенді қалаға келіп, қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасында облысы тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Қабдікәрім қала кәсіпкерлерімен жүздесті. Ашық диалог түрінде өткен кездесуге қала әкімінің орынбасары Александр Ким, кәсіпкерлер Ассоциациясының төрағасы Алаш Тұрлыбек, басқарма басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзина қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген Гүлнәр Райымқұлқызы бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласында тұтынушының құқығы басты назарда тұрғанын тілге тиек етті. Әсіресе, тамақ өнеркәсібінде аса сақтықтың болуын талап етіп отырған стандарттарға сәйкес жұмыс жасау қажет деді.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кедендік одақ шеңберінде міндетті талаптардың орындалуына қатысты техникалық регламент бекітілген болатын. Осыған сәйкес, әрбір кәсіпкер, тұтынушыға сатылатын тауардың сапасын, мерзімін растайтын сертификатты талап етуі қажет.

Қарағанды аймағы бойынша камералық бақылау жүйесі соңғы кездері күшейіп келеді. Аймақ орталығына жақын қалаларда осы жүйе арқылы департамент мамандары тексеріс жүргізгенде бірнеше заң талаптарының бұзылғандығы анықталып, кейбір жарамсыз тамақ өнімдері сөрелерден түсірілді. Алдағы уақытта камералық бақылауды аймақтың өзге қалаларында да жүргізу жоспарда тұр. Әрине, мұның ішінде Сәтбаев қаласы да бар. Алдағы уақытта осындай тексерістер орын алып жатса, сәтбаевтық кәсіпкерлердің талапқа сай болып шығуынан мол үміт күтеміз. Ендігі бір айтатын жаңалықтың бірі – обьектілер мен субьектілердің бірыңғай тіркеу реестрін жүзеге асыру. Осы бағытта жұмыстар аймақта енді қолға алына бастады. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – ғаламтор желісі арқылы тұтынушының құқығын шағын және орта кәсіпкерлік нысан не болмаса ірі өндіріс ошағы қаншалықты сақтап отырғанын білу, сонымен қатар, тексерістердің талапқа сай қай аралықтан қай аралыққа дейін жүргізілгенін бақылау. Бұл жүйені алдағы уақытта кенді қала да өз игілігіне тұтынады деп жоспарлаудамыз.

Екі-үш жылдан бері кәсіпкерлік нысандарды жоспарлы тексеру құзіреті алынғаннан бері, өзге ірі қалаларда тамақтан улану жағдайлары жиелеп кетті. Бұдан біздің өңірдің кәсіпкерлері сабақ алуы қажет. Кейбір тұтынушы өздерінің заң шеңберіндегі құқығын білмей жатады. Сондықтан да ең бірінші халық өздерінің тұтынушылық құқығына аса жауапкершілікпен қарап, қандайда бір нысаннан заңдық негізде жапа шексе, бірден олардан тауардың сертификатын сұрап, тауардың жарамдылық мерзіміне көңіл бөлуі шарт.

Себебі, тұтынушы оны талап етуге толық құқылы, – деп жиынды қортындылады Г.Қабдікәрім.

Қала кәсіпкерлері кездесу барысында департамент өкіліне ұсыныстарын, өздерін толғандырып жүрген мәселелерін жолдады.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.