«Балдәурендегі» сайыс

Жаз айлары – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Балалар бұл мезгілді дене және ақыл-ой қызметін тынықтыратын, күш-қуатын жетілдіретін іс-әрекетке жұмсауы қажет. Әйтсе де тыныға жүріп, ойын барысында балалардың шынығу-шыңдалу мәселесімен қатар, түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды.

Осыған орай балғындарымыздың жазғы демалысын ұтымды пайдалану мақсатында №3 орта мектептің «Балдәурен» жазғы сауықтыру алаңында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі – Қазақстан Республикасының Рәміздері күніне орайластырып «Болашақ» тобының тәрбиешілері Сәуле Әлжанова мен Назира Толқынбекованың ұйымдастыруымен өткен «Рәміздерді білеміз бе?» атты интеллектуалдық ойын.

Жазғы сауықтыру алаңындағы тәрбиеленушілерге отансүйгіштікті, адалдықты, адамгершілікк пен мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу тұрғысында өткен ойын рәміздердің авторлары туралы бейнебаянмен бастауын алды.

Ойынға төрт топ қатысып, әр кезеңнің тапсырмасын орындауда өздерінің белсенділіктерін танытты. Балалар мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы екендігін терең ұғына білетіндіктерін көрсетті.

Қызықты да әрі тартымды өткен іс-шарада «Достық» тобы І орынды, «Болашақ» тобы ІІ орынды иеленсе, ал, «Көгершін» және «Күншуақ» топтары ІІІ орынды өзара бөлісті.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.