Бүгінде ел ішінде дәстүрді жалғастырған

Кемелді де керім, салауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеуде аналардың, әсіресе, әжелердің алар орыны ерекше екені белгілі. Халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кейінгі ұрпаққа жеткізетін де сол әжелер. Арамызда жүрген әжелердің өнегесін жастарға үлгі етіп, талантты да белсенді аналарды қалың жұртқа таныту мақсатында әйелдердің Халықаралық күніне орай әжелер сайысы өтті.Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайына «Асыл әжем – ғасыр әжем» жарысын тамашалауға келгендердің басым көпшілігі де көп балалы аналар мен қыз-келіншектер болды.

Бойындағы өнері мен шеберліктерін салыстыруда жастары 50-ден жоғары, әр түрлі қызметте жүрген және үй шаруасында отырған 10 әже бақ сынасты.

Дәстүрлі өзін-өзі таныстыру, қазақтың салт-дәстүрінен көрініс беруде Марпуға Аяпбекова, Дина Айтжанова, Лиза Бөлекбаева, Қуаныш Сансызбаева өздерін әншілік, ақындық, әртістік жағынан тамаша таныта білді.

Сайыстың бір ерекше бөлімі – немерелер өнері болды. Әжелерін қолдап бар өнерлерін ортаға салғандардың ішінде Сәуле Бимұратованың, Лиза Бөлекбаеваның, Рахима Жантасованың немерелерінің әніне, биіне, күйіне көрермендер дән риза болды.

Ал, қазақтың ұлттық киімдері ішік, етік, кимешекті дәріптеп, оның тарихы мен қолданылуын кеңінен жеткізе білген Зағиша Шалқарбаева, Әлима Дүзенова, Бикен Әбиева қазылар алқасының да көңілінен шықты.

Әжелердің таланттары мен шеберліктеріне қоса киім-киісін, жүріс-тұрысын, немерелерінің өнерлерін сараптай келе қазылар алқасы тиісті бағаларын берді.

Бас жүлдені қаламызға танымал ісмер әже Лиза Бөлекбаева жеңіп алды. Ә.Дүзенова І орын, Қ.Сансызбаева ІІ орын, Б.Әбиева ІІІ орын алса, қатысқан әжелердің барлығы да «Әнші әже», «Әдемі әже», «Сабырлы әже», «Шебер әже» атақтарына ие болды.

Сайысты ұйымдастырушы – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Г.Есмұрзаева ата салтын асыл қазынасындай сақтап, ұстанып келе жатқан барлық әжелерге алғысын айтып дипломдар мен бағалы сыйлықтарын тапсырды.

Бұл іс-шара көктемнің алғашқы күнінде көрермендеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады деп ойлаймыз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.