Мамандығының майталманы

Өзі басқарып отырған бөлімнің қызметі жөнінде әңгіме айтқанда Гүлшат айырықша әсерленіп кетеді екен. Соның бәрі сайып келгенде адамның амандығы мен өндіріс мәдениеті деген мәселеге келіп тоғысады.2007 жылы ақпанда «Қазақмыс» компаниясы басқармасының төрағасы Эдуард Огайдың кәсіпорындар қызметін экология, сапа және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағыттарында халықаралық стандарттар талабына сәйкестендіру туралы бұйрығы шықты. Онда шахталық және карьерлік әдістермен кен өндіретін кеніштерді, өндірілген кенді байыту мен түпкі өнім шығаратын кәсіпорындарды қамту қарастырылып, алғашқы қарлығаштары ретінде таңдау Шығыс және Солтүстік Жезқазған кеніштеріне, Жезқазған байыту фабрикасы мен мыс қорыту зауытына түсті.

— Жылда жазда кәсіпорынның экология, сапа және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытындағы қызметі халықаралық стандарттар талабына сәйкес екендігін дәйектеп, сынақ тапсырамыз. Әзірге сүрінген кезіміз жоқ. Ал, сол сынақтан өту үшін қаншама қажыр-қайрат жұмсалып, жүйкені жұқартуға тура келетінін басынан өткергендер ғана біледі. Және жұмысымыздың жобасын жылда жетілдіріп отырамыз. Біздің мақсат — біреуді жазалау емес, жәрдемдесу. Осыны түсініп, бірлесіп қимылдағанда ғана жұмысымыз жемісін береді, — дейді Гүлшат.

Ол өзінің жәрдемшілері — орынбасары Жанар Елеусізованың, инженерлер Аниса Вахитова, Светлана Хван мен Кәмшат Хамитованың, эколог Анастасия Бодукованың қалтқысыз қызметі мен іркіліссіз ізденісіне дән риза. Көп уақыт өтпесе де, төрт жылда бөлім алдына қойылған міндетті мінсіз атқаратындай ұжым болып қалыптасып қалды.

Кеншілер қаласындағы №1 орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалын «Автокөлік инженер-механигі» мамандығы бойынша бітірген Гүлшат «қатырма қағаздың» қызығын көп көрген жоқ. Тұрмыс құрғаннан кейін бөпелі болып отырып қалды. Сол отырғаннан табандатып тоғыз жыл отырды. Өйткені, оның өміріндегі үлкен өзгеріс тоқсаныншы жылдардың топалаңымен тұспа-тұс келген еді.

Гүлшат Естаева әкесі Жанайдардың басқан ізі мен қолтаңбасы қалған Шығыс Жезқазған кенішіне 2002 жылы наурызда диспетчер болып орналасты. Мамандығына сай кәсіпке қолы жетпесе де, әкесінің екінші отбасына айналған ортаға тап болғанына қуанды. Сауаттылық пен сергектікті, жинақылық пен жауапкершілікті талап ететін диспетчерлік мазаң қызмет екен, әйтеуір аға буын әріптестерінің жәрдемінің арқасында қысқа мерзімде бір адамдай меңгеріп алды.

«Әкең өлсе де, көзін көрген өлмесін» деген сөздің мағынасын осы қызметте жүргенде бар жан-дүниесімен шынайы сезінді. Бұрыннан келе жатқан көнекөздердің өзіне бүйрегі бұрып тұратынын байқайтын. Сәл жетістігіне желпінген олардың: «Жәкеңнің қызы жаман болмауға тиіс» деген сөзін естігенде қанаттанып кететін. Әке абыройына дақ түсірмейін деп елгезектік танытып елпілдеп жүргенде өзінің де беделі беки түскенін байқамай да қалды. 2004 жылы қарашада кеніштегі өндірістік бөлім бастығының орынбасары болып тағайындалғанда таңырқағаны да сондықтан.

Ал, кеніште менеджменттің интеграцияланған жүйесі бөлімі ашылғанда соған бастық болып тағайындалды. Көрсетілген сенімге селкеу түсірмеуге тырысқан қажымайтын келіншектің тынымсыз тірлігі тыңнан түрен салудан басталды. Жатпай-тұрмай ізденді, әртүрлі курстарда оқыды. Қазір қолындағы бірнеше бағыттағы тоғыз түрлі сертификат соның айғағы. Оның үстіне биыл, амандық болса, Жезқазған университетінен «Адам өмірінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығын алып шығады.

Қызметінің қыр-сырына қатысты әңгіме қозғала қалса айырықша әсерге бөленіп, бүге-шігесіне дейін баяндаудан жалықпайтын оны әріптестері «Мамандығының майталманы» деп әспеттейді. Сонымен қатар, ол міндетінің маңызын терең түсініп, тапсырылған істі тап-тұйнақтай етіп орындайтын тиянақтылығымен де танылған.

Сәбиғат СҰЛТАН.

Комментарии закрыты.