Тұғырлы тілдің тамыры терең

20150619-02-02Елімізде тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қалалық әкімдікте 2014 жылғы 23 сәуірдегі №08/47 қаулысымен тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Осы жоспардың жүзеге асуы жайында қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мәдинат Игенберлинаны сөзге тартқан едік.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік тілдің ел аумағында қолдану деңгейін 2017 жылға қарай 80 пайызға жеткізу мақсаты тұру керек деді. Осы бағытта мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында кенді қалада қандай жұмыстар жүзеге асуда?

– Мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасына сәйкес, қалада өткен жылы бірнеше ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсақ, қазақ әдебиетінің марқасқа ақын-жазушыларының туған күндерінде әртүрлі байқаулар өтті. Мұнан бөлек, тілді оқыту курстарына 157 адам қамтылып, оларға сертификаттар тапсырылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны – 77, азаматтық қызметшілер – 80, ұлттық құрамы бойынша 104 адам дәріс тыңдады. Ал, қазіргі күні мұнда 21 мемлекеттік қызметкер, 18 өзге ұлт өкілі, 37 қазақ, 21 азаматтық қызметкер және 13 жеке тұлға білім алуда.

Жалпы білім алушылардың қазақ тілге деген ынталары жыл сайын артып келеді.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев алқалы бір жиында «Қазақ тілі – ғылым мен интернеттің тіліне айналды» деген болатын. Оны сол дәрежеге жеткізу ең әуелі ел халқының қолында екені даусыз. Әсіресе, мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінің қолданылу аясы мен іс қағаздарын ұлттық тілде жүрізу деңгейінің көрсеткіші қандай?

‑ 2014 жылдың қазан айы мен 2015 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, әкім аппараты мен мемлекеттік мекемелер бойынша кіріс құжаттарының саны – 6649, оның мемлекеттік тілдегісі – 3956, пайыздық көрсеткіште 60-ты құраса, шығыс құжатының саны – 3387, оның мемлекеттік тілдегісі – 3366, ал пайыздық деңгейде 100-ді құрады. Негізінен талапқа сай мемлекеттік тілдің қызмет аясында қолданылу деңгейіне деген сұраныс жыл санап артып келеді. Мамандардың да бұл талапқа сай тілді үйренуі көңіл көншітерлік.

– Қала көшелерінде жүрсеңіз жеке кәсіпкерлік нысандарының «жарымжан» жарнамаларынан көз сүрінеді. Сол нысандар иелерінің көбісі қазақ бауырларымыз. Алайда, көбісі шала-шарпы жарнамалардың көзге түрпідей тиетініне аса мән бермейді. Бұл бағытта құзырлы мекеме ретінде сіздердің тараптарыңыздар атқарылған жұмыстардың нәтижесі бар ма?

– Бұл жарнама мәселесі бас ауруына айналғалы қашан?! Біздің мекемеге жеке нысандарға арнайы рейд жүргізіп, оның кем-кетігін тексеруге құзыр берілмеген. Дегенмен, көзге көрініп тұрған қателер болса, тек жеке кәсіпкерлік нысандарға ғана емес, өзге де мекемелерге хатпен шығып, кемшілікті реттеуді сұраймыз. Алайда, жеке кәсіпкерлік нысандар о баста кеткен қателіктерді қайтадан дұрыстау қып-қызыл шығын екендігін алға тартады. Ал, құзырлы мекемелер айтылған сыннан дер кезінде нәтиже шығарады.

– Жаңа сөзіңіздің арасында жеке кәсіпкерлердің қателерді қайта дұрыстауға құлқы жоқ дедіңіз. Бірақ, оларға тілдік норманы бұзғаны үшін жазалау шаралары қарастырылмаған ба?

– Жеке кәсіпкерлік нысандардың мұндай өрескел қателеріне «Тіл туралы» Заңда ешқандай жаза қолдану қарастырылмаған. Сондықтан, біз Заң шеңберінен асып оларға ешқандай шара қолдана алмаймыз. Тек бақылау жасап, ескертпелер айтумен шектелеміз.

– Сұхбат соңында тіл туралы толғамды ойыңыз болса…

– Сөз соңында айтарым, тілдік ахуал уақыт өткен сайын жақсарып келеді. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекеміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.

Жалпы, тіл жеке адамның шаруасы емес. Мемлекеттік де басыбайлы дүниесі емес. Тіл – халық қазынасы, ұлттық жаны. Тілдің мәселесі — ұлттық мәселесі. Мерейін асыратын да өзіміз, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл отбасынан бастау алады, отан аясында дамиды. Отбасы өзіміз де, Отанымыз Қазақстан! Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде». Сондықтан да, тамыры терең тұғырлы тілімізді аялай білейік!

‑ Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.