Әке рухына бас иемін

20150619-01-01Ұлы Отан соғысының ардагері, бүкіл өмірін фельдшер, мал дәрігері болып өткерген әкем Шахманов Төлеген 1917 жылы 10 наурызда Қызыл әскер ауылында дүниеге келген. Әкесі – Шахман, анасы – Рабиға. Атамыз Боранбаев Нүрпейіс қазақ арасынан ең алғашқылардың бірі болып Томск қаласында фельдшерлік оқуды оқыған екен. Қуғын-сүргін жылдарында атамыз ұрпақтарын сақтау мақсатында оңтүстіктегі Кентау қаласының жанындағы Талдысай ауылына көшіп кетеді.

Әкем сол жерден 1940 жылы әскер қатарына шақырылады. Атасынан көріп, естіп үйренгендері себеп болды ма екен, әскер қатарында жүргенде атты әскер батальонында мал дәрігері болады. 1942 жылы сол жерден Ұлы Отан соғысына аттанады. Украина жеріндегі жаяу әскерлердің үлкен бір шайқасында балтырына минаның жарықшағы тиіп, қансырап, бір күн соғыс даласында қалады. Даладағы сарбазды тауып алған тұрғындар әкемді таяу жердегі госпитальға жеткізеді. Госпитальда 1 ай жатып емделген соң, қайтадан соғысқа аттанады.

1944 жылы кезекті бір шайқаста атакаға шыққан кезде самолеттер бомба тастап, 10 шақты жауынгер топырақ астында қалады. Немістер тынышталған кезде көмекке солдаттар келеді. Бір солдат контузия алып, біреуі қайтыс болып, қалғандары ауыр жарақатпен госпитальға жеткізіледі. Ал менің әкемнің сол жарылыстан екі құлағы естімей қалып, соғысқа жарамсыз деп елге қайтарылады.

Әкем Талдысайға оралады. Алайда, құлағы естімегендіктен еш жер жұмысқа алмайды. Содан әкем құлағын емдетеді. Ауруханада алған емдері шипа болып, бір құлағы әжептәуір, ал оң құлағы шала еститіндей жағдайға жетеді. Содан Кентау қаласында электровозшы болып жұмысқа орналасады.

Туған жердің топырағы тартты ма екен, әкем 1946 жылы елге Сарысу бойындағы Қызыл әскер колхозына оралып, анамыз Үміт Көтербайқызымен ошақ құрады. Анамыз 15 құрсақ көтерген екен. Соның тоғызын оқытып, тоқытып, бір-бір мамандық иесі болуға көмектесіп, өздерінің ата-аналық борыштарын өтеді. Қарсақпай әскери комиссариаты әкемнің армия қатарында мал дәрігері болғанын ескере отырып, № 6 фермаға фельдшер, мал дәрігері етіп тағайындайды. Сыртта жүре бермей ағайын арасына барайын деген ниетпен 1970 жылы Теректі станциясында тұратын жалғыз апасына көшіп келеді. Бұл жерде де ауылдастарының арасында сыйлы болып, өмірінің соңына дейін фельдшер, мал дәрігері болып жұмыс жасады.

Ұзақ аурудан соң 1978 жылы әкем дүниеден өтті.

Әкем Шахманов Төлеген Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Сталин және Қызыл гвардия ордендерімен, «Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 20, 25, 30 жыл» «СССР Қарулы күштерінің 50 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Қазіргі таңда әкемізден тараған ұрпақтары Сәтбаев, Жезқазған қалаларында немере, шөберелерімен бақытты өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине, әкеміз мыңдаған қазақстандық батырлар сыйлап кеткен Ұлы Жеңістің арқасы.

Айнагүл Шахманова.

Комментарии закрыты.